RU

БЖЗҚ сайтында жеткіліктілік шегін тексеру сервисі істен шықты

pixabay.com
Фото: pixabay.com

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтында жеткіліктілік шегін тексеру сервисі істен шықты деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры порталында зейнетақы жинағының бір бөлігін алу үшін жеткіліктілік шегін тексеру мүмкіндігі пайда болды. Кез келген азамат өз жинағын жеке кабинетке кіріп тексере алады.

Ол жерде:

  • 2021 жылға ең төменгі жеткіліктілік шегі;
  • жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинағының сомасы;
  • табыс салығы біржолата және кейін алынатын жағдайда берілетін зейнетақы жинағының сомасы көрсетіледі.

5 қаңтар сағат 12:12-дегі жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры сайтында бұл бет ашылмай тұр.

Еске салсақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік беретін заңға қол қойған болатын.

Оған қоса, ел тұрғындары енді зейнетақыдан қанша қаражат алуға болатынын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтынан қарау мүмкіндігіне ие болғаны туралы жазған едік.

Айта кеткен жөн, "2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Заңға сәйкес 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 7 пайызға, базалық зейнетақы төлемінің мөлшері бес пайызға артты.

Осылайша 1 қаңтардан бастап ең төменгі зейнетақы мөлшері 61 796 теңгені құрап отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1892301-bzzk-sajtynda-zetkiliktilik-segin-tekseru-servisi-isten-sykty/