18 қаңтардан бастап қазақстандық студенттер жоғары оқу орындарына барып оқи алады
Жарияланған күні:
Білім және ғылым министрлігі Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн брифингте еліміздің жоғары оқу орындарында көктемгі семестрдің қалай өтетінін айтты. Кейбір студенттерге ЖОО-ға барып оқуға рұқсат етіледі деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"2021 жылдың 18 қаңтарынан бастап 15 ақпанына дейінгі аралықта университеттерде көктемгі семестр, ал С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ-да 5 қаңтардан бастап екінші триместр басталады. Білім сапасын қамтамасыз ету мақсатында біз университеттерде дәстүрлі білім беруге кезең-кезеңмен көшу мәселесін пысықтап жатырмыз.
Ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша 1 курс студенттерін бейімдеу үшін оқу процесі аралас форматта ұйымдастырылады. Дәрістер – онлайн, семинарлар, зертханалық және практикалық сабақтар – күндізгі форматта", – дейді вице-министр Мирас Дәуленов.
Сонымен қатар студент медициналық көрсетілімдер бойынша немесе вирустық ауру жұқтырған болса оқуын қашықтықтан жалғастыру туралы өтініш жаза алады.
Ал 2, 3 және 4 курс студенттері оқуын мамандығына қарай қашықтан немесе аралас форматта жалғастыра алады.
"Педагогикалық, гуманитарлық, әлеуметтік ғылымдар, журналистика, бизнес, менеджмент және құқық, АКТ және басқа салаларға қашықтан оқыту ұсынылады. Өнер, жаратылыстану ғылымдары, инженерия, ауылшаруашылығы, денсаулық сақтау және басқа бағыттарға – аралас формат.
Теориялық оқу (қажет болған жағдайда), ғылыми-зерттеу жұмыстары, магистранттар мен докторанттардың қорытынды аттестациясы академиялық саясат пен күнтізбеге сәйкес, қашықтан және аралас форматта жалғасады деп жоспарлануда", – деп хабарлады министрлік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1893337-18-katardan-bastap-studentterge-zogary-oku-oryndaryna-baryp-oki-alady/