RU

"Қасқырды 140 мың теңгеге өлтіреді": Желіде Алматы облысында түсірілген жантүршігерлік видео тарады

Қасқыр
Видеодан кадр: instagram.com/zoohome_almaty

Зооқорғаушылар Алматы облысында тұлыптар мен кілемдер үшін қасқырларды өлтіретін жеке үйді анықтаған. Мұның құны 140 мың теңге. Әлеуметтік желіде жарияланған видеоларда жабайы аңдарды қандай жағдайда ұстайтыны көрсетілген. Бұл жайтқа қатысты өңірлік полиция департаменті пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Зооқорғаушының сөзінше, бірнеше апта бұрын оған фото мен видео жіберген.

"Тұлып жасаушылар қасқырдың бөлтірігін тұлып пен кілем жасау үшін сатады. Құны 140 мың теңге. Мен бұл картинаны ұмыта алмадым. 10 мың теңге алдын ала төлем жіберіп, уақыт созып, қасқырды қайда жіберуге болатынын іздей бастадым. Зоосаябақ бас тартты. Уақыт өтіп жатты, амалын таппадық. Қарызға ақша алып, бардық", - дейді белсенді Instagram парақшасында.

Зооқорғаушылар қасқырды құтқарып қалу үшін сатып алуға жеке меншік үйге келген кезде көргендерінен жағасын ұстаған. Айналада терілер, өлген жануарлар, соның ішінде түлкіге ұқсастары да болған.

Олар лас тордың ішіндегі азып-тозған қасқырды видеоға түсіріп алған.

"Жеке меншік үйде өлтіру фабрикасы. Кімге барып, кімнен көмек сұрауға болады", - дейді белсенді.

Назар аударыңыз! Видео психикасы тұрақсыз адамдарға, аяғы ауыр әйелдер мен 18 жасқа толмағандарға көруге ұсынылмайды.

Желідегі жазбаға Алматы облысының полиция департаменті назар аударған. Ведомствоның баспасөз қызметі аталмыш факті әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу кезінде анықталғанын атап өтті.

"Талғар ауданының полиция басқармасы тексеру шараларына кірісті. Кінәлілерге қолданыстағы заңға сәйкес міндетті түрде шаралар қолданылады", - деді өңірлік ПД.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі де бұл жайтқа назар аударған.

Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Самал Ибраева Facebook парақшасында аталған факті бойынша Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Алматы облысы аумақтық инспекциясының инспекторлары жазба авторымен хабарласқанын айтты.

Осыдан кейін табиғатты қорғау полициясымен бірлесе отырып, мән-жайды зерттеу үшін оқиға орнына аттанған.

"Егер бұл фактілер расталса, заң бұзушыларға қатысты қылмыстық іс қозғалады", - дейді ведомсто өкілі.

Назар аударыңыз! Видео психикасы тұрақсыз адамдарға, аяғы ауыр әйелдер мен 18 жасқа толмағандарға көруге ұсынылмайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1893787-kaskyrdy-140-my-tegege-ltiredi-zelide-almaty-oblysynda-tsirilgen-zantrsigerlik-video-zarialandy/