Петропавлда есірткінің ең қауіпті түрін таратқан қыз бен жігіт сотталды
Жарияланған күні:
Петропавлдың екі тұрғыны мефедрон сатқаны және таратқаны үшін бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Солтүстік Қазақстан облысының тәртіп сақшылары "Мефедрон" синтетикалық есірткісін таратумен айналысқан есірткі сатушылардың жолын кесті.
Полицияның дерегінше, Петропавлда алғаш рет айналымнан алынған "Мефедрон" есірткінің ең қауіпті түрі.
2020 жылдың жазында осы қылмысты жасады деген күдікпен полиция 29 жастағы ер адам мен 19 жастағы қызды ұстаған.
Құқық қорғаушылардың анықтауынша, ұсталған облыс орталығының тұрғыны Ресейдің Омбы қаласынан Көкшетауға Петропавл арқылы синтетикалық есірткі препараттарын тасымалдауды ұйымдастырған.
Тыйым салынған тауар танымал марканың құтысына арналған сүзгілерге салынып, логистикалық компаниялар арқылы жөнелтіліп отырған.
Құқық қорғаушылардың мәліметінше, жедел топ қызметкерлері айналымнан 200 граммнан астам есірткі затын алған және бұл өте үлкен мөлшер саналады.
"Бұл тәркіленген заттар жүздеген жастың өмірін ойран етуші еді. Есіртікі тасымалдаушылардың көздеп отырғаны да сол яғни әртүрлі интернет-ресурстар арқылы оларды тұзаққа түсіру", - дейді ведомство.
Тәркіленген синтетикалық есірткінің бір бөлігі қаптаманы ораумен айналысатын жас қыздан табылған. Сонымен қатар тергеу барысында бойжеткен облыс орталығының әр жерінде "бетбелгілер" жасағаны анықталған.
Есірткі тасымалдаушылар барлық келсіссөзді мессенджердердің бірі арқылы жүргізген.
Құқық қорғау органдарының ақпаратына сәйкес, күдіктілерге таяуда ҚР ҚК-нің 296-бабы бойынша үкім шыққан. Олар 12 және 7 жылға бас бостандығынан айырылған.
Есірткімен байланысты қылмыспен күрес басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Иван Терзиди сотта заттай айғақтар ұсынылғанын айтты.
"Ер адам үйлестіруші болып, белсенді түрде хат алмасып, хабарласып, сәлемдемені қайда, қашан кімге беру керектігіне нұсқаулық беріп отырған", - дейді Иван Терзиди.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1894311-petropavlda-mefedron-satyp-taratkan-kyz-ben-zigit-sottaldy/