"Мықты иммунитет қалыптасады": Ғалымдар отандық QazCovid-in вакцинасы туралы айтып берді
Жарияланған күні:
Ғалымдар отандық QazCovid-in вакцинасын әзірлеу технологиясы туралы айтып берді. QazCovid-in вакцинасын әзірлеу барысында жылдар бойы жақсы нәтиже беріп келген технология қолданылды деп хабарлайды "COVID-19-дың таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК" Telegram арнасында.
Ғалымдардың мәліметінше, вакцинаның барлық құрамдас бөлігі басқа да вакциналарды әзірлеу кезінде пайдаланылып келеді, сондықтан сенімді компоненттерден тұрады.
Сонымен қатар мамандар инактивті вакцинаның платформасы қауіпсіз болып табылатынын айтады. Олардың сөзінше, халықтың көпшілігі вакцинаның құрамындағы компоненттерді басқа да вакциналар арқылы бұған дейін де қабылдаған.
QazCovid-in препаратын әзірлеу барысында пайдаланылған жалғыз жаңа компонент – белсенді емес вирус екен.
"Инактивті вакцинаны дайындау технологиясы қарапайым. Ол басқа вакциналарға қарағанда қауіпсіз әрі тиімді әсер етеді. Вакцинаны егу нәтижесінде мықты иммунитет қалыптасады. Мысалы, ауырып, кейін сауыққан адамда пайда болатын иммунитетпен салыстыруға болады. Инактивті вакцинаны дайындау үшін пайдаланылған компоненттердің басым бөлігі ондаған жылдар бойы қолданыста әрі олардың зияны болмаған.
Сондықтан біз QazCovid-in әзірлеу үшін вакцинаның инактивті түрін таңдадық", – дейді білім және ғылым министрлігінің ғылым комитетіне қарасты биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғалымы, вирусолог, доктор, профессор Леспек Кұтымбетов.
Айта кетейік, бұған дейін отандық вакцинаны оны әзірлеген ғалымдар, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, президент көмекшісі Ерлан Карин, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев және Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожин клиникалық зерттеулерден тыс, ерікті түрде салдырған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895830-galymdar-otandyk-qazcovid-vakcinasyn-zirleu-tehnologiasy-turaly-ajtyp-berdi/