Елді дүрліктірген отбасыға қатысты заң жобасын мәжіліс кері қайтарды
Жарияланған күні:
Парламент мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитеті қоғамда шу туғызған отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасын кері қайтарып алу жайлы шешім қабылдады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Айта кетейік, заң жобасын 2019 жылы мемлекет басшысының жолдауынан соң парламенттің бір топ депутаты дайындаған. Президент Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық жанжалдың артып бара жатқанын мәлімдеген еді.
Осы орайда мәжіліс депутаты Ирина Смирнова заң жобасы он айдан астам уақыт парламентте талқыланып жатқанын сөз етті.
"Жұмыс топтары заң жобасымен жұмысты тоқтатқан жоқ. Қазіргі заң – мүлде басқа құжат. Парламенттен бөлек, заң жобасымен тағы 55 ұйым жұмыс істейді. Қазіргі кезде көбісі депутаттарға жала жабуда, құжатта мүлде болмаған баптарды айтып жатыр", - дейді халық қалаулысы.
Ол мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Жәмила Нұрманбетова заң жобасын кері қайтару және оның мазмұнын жетілдіру туралы шешім қабылдағанын жеткізді.
"Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің басшысы нормаларды тағы бір мәрте қарау және заң жобасына тағы бір рет тәуелсіз бағалау жүргізу үшін заңды қайтарып алды", - деді депутат.
Смирнованың сөзінше, заң жобасымен жұмыс қанша уақыт қажет болса, сонша жалғасады
Айта кетсек, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасы әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Құжатқа қарсы шыққандар көп. Десе де, кейбір құқыққорғаушылар мен заңгерлер қазақстандықтарды отбасындағы зомбылықтан қорғауға мүмкіндік беретін заң жобасының қабылданғанын құптап отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та соңғы уақытта қоғамда дау тудырған отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы заңға қатысты пікір білдірген болатын.
Президент өз ойын Twitter парақшасында жариялады.
"Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" заң жобасы қоғамда қызу талқыға түсуде. Бұл – орынды.
Өзекті мәселелер кеңінен талқылануға тиіс. Оның нормаларын мұқият қарап, барлық пікірлерді ескерген жөн. Басты міндетіміз – әйелдер мен балалар құқығын қорғау",- деп жазды мемлекет басшысы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896072-eldi-drliktirgen-otbasyga-katysty-za-zobasyn-mzilis-keri-kajtardy/