Алматыда көпбалалы аналарға автобуста тегін жүруге рұқсат етілді
Жарияланған күні:
Алматыда қоғамдық көлікте тегін жүруге құқылы адамдардың санаты кеңейтілмек. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев өз Facebook парақшасында жазды.
Шаһар басшысының сөзінше, Алматы мәслихаты депутаттары басқа мемлекет аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, "Алтын алқа" мен "Күміс алқа" алқасымен марапатталған көпбалалы аналарға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі 18 жасқа дейінгі баланы алып жүретін адамдарға қаладағы қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру туралы шешімді қолдаған.
Бұл шешім "Ардагерлер туралы" 2020 жылғы 6 мамырдағы жаңа Заңға сәйкес, сондай-ақ қала тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мен оны қорғау мақсатында қабылданған.
Қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының мәліметінше, шаһарда мүмкіндігі шектеулі 18 жасқа дейінгі балаларды алып жүретін 1161 адам бар.
Бұл санаттағы адамдарға 50% жеңілдік беріледі. Ал "Алтын алқа" мен "Күміс алқа" алқасымен марапатталған 4663 көпбалалы анаға тегін жол жүру құқығы беріледі.
Айта кетейік, Алматыда бір топ қоғам белсендісі Жас Қанат шағын ауданында мемлекет жалға беретін көп пәтерлі дайын тұрғын үйлердің әлі бос тұрғанын айтып жатыр. Олар жаңа тұрғын үйден хабарландыру бойынша пәтер жалдауға болатынын да анықтаған екен.
Қоғам белсенділері Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысына кіріп, мәселенің анық-қанығын білгенін де алға тартты.
KAZ.NUR.KZ тілшісі Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасымен байланысқа шығып, аталған жағдай бойынша пікір білдіруін сұрады. Әкімдіктің баспасөз қызметі ресми жауап дайындалып жатқанын мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896342-almatyda-kpbalaly-analarga-avtobusta-tegin-zruge-rksat-etildi/