Қазақстандық жаттықтырушы науқас әйелін емдету үшін сейфтен 350 мың доллар ұрлаған
Жарияланған күні:
Қостанайда пауэрлифтингтен танымал жаттықтырушы Петропавлдағы ЕС-164/3 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Ол айырбастау нүктесінен онкологиялық аурумен ауыратын әйелін емдету үшін ақша толы сейф ұрлаған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ СҚО қылмыстық атқару жүйесі департаментіне сілтеме жасап.
Сергей (аты өзгертілген - ред.) 1964 жылы 14 сәуірде Қостанайда құрылысшылар отбасында туған. Сотталушы көзіне жас алып, өзінің балалық шағын еске түсірді.
"Менің балалық шағым көшеде өтті және бұлыңғыр болды. Мен жастайымнан ішімдік пен темекі шегуді бастадым. Мен үйден қаштым, адамдарды тонадым, қалтамда пышақ жүрді, полицияның балалар бөлмесінде бірнеше рет тіркеуде тұрдым, өйткені маған ата-анамның ықпалы болмады", - дейді Сергей.
8 сыныпты бітірген ол училищеге түсіп, сол жерде өзі секілді жігіттермен танысқан. Күндердің күнінде ол әскерге шақыртылған.
Әскер қатарына алынған ол темекіні тастап, спортпен айналысып, бұдан былай ішімдік ішпеймін деп өз-өзіне сөз берген.
1985 жылы туған қаласына қайтқан ол спортпен айналысуға арналған ғимарат іздеген. Сонымен қатар, ер адам институттың сырттай бөліміне түсіп, фабрикада жұмыс істейді.
Нәтижесінде оған спортзал бөлініп, ғимарат әлі күнге дейін жұмыс істеп келеді. Сергей сол кезде пауэрлифтингпен айналыса бастаған.
Оның тәрбиеленушілерінің арасында әлем чемпионатынан екінші орын алған қыз да бар. Оның жаттығуларына көптеген адамдар келген, содан кейін олар спорт шебері атанған.
Алайда жаттықтырушы бүгінде қылмыскер атанып отыр. Ол әйелін қатерлі ісіктен емдету үшін ақша айырбастау пунктінің сейфінен 350 мың доллардан астам қаражатты ұрлап кеткен.
Бұл оқиға 2017 жылдың соңында болған. Содан кейін сот болып, ер адамды 7 жыл 2 айға бас бостандығынан айырған. Ол 2018 жылдың 20 тамызында колонияға жіберілген.
"Әйелімде қатерлі ісік анықталды. Қазір ол өзін қанағаттанарлық сезінеді, оның III топтағы мүгедектігі бар. Біз үнемі Skype арқылы хабарласамыз. Біздің екі баламыз бар", - дейді сотталушы.
Ер адам ұрлаған сомасының 20 мың долларын жұмсап үлгергенін айтты. Қазір ол Петропавлда жазасын өтеп жатыр.
Сергей істеген іс-әрекеті үшін қатты өкінеді. Мекемеде оған оң мінездеме берген. Ол барлық іс-шараларға ықыласпен қатысады және өзінің сүйікті ақыны Сергей Есениннің шығармаларын оқиды.
Ол бостандыққа шыққаннан кейін өзінің өмірлік жұмысын жалғастырғысы келетінін айтады. Адамдарды спортқа деген сүйіспеншілік пен жеңіске жетуге тәрбиелегісі келеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896388-kazakstandyk-zattyktyrusy-naukas-jelin-emdetu-sin-sejften-350-my-dollar-rlagan/