RU

Елордада құрылысшы бетон қабырғасын құйып жүріп қаза болды

Құрылыс1
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Елордада құрылысшы 11 қабаттан құлап, мерт болды. 25 жастағы жас жігіт тұрғын үйдің бетон қабырғасын құйып жүріп көз жұмған. Ал құрылыс басында осындай қатерден сақтайтын қорғаныш торының неге болмағаны белгісіз деп хабарлайды КТК арнасы.

Оқиға 29 қаңтарда сағат 11 жарым шамасында болған.

Көпқабатты тұрғын үй салып жатқан құрылысшылар үйдің 11-қабатының қабырғасын көтеріп жатқан екен.

Соның бетон құятын қалыбын құрып жатқан шақта жас жігіт қалыппен бірге құлаған.

Марқұмның ағасы Сәби Қуанышбаев қауіпсіздік техникасы сақталмағанына наразы.

"Титтей де қауіпсіздік техника жоқ. Құжаты да жоқ дейді. Мен бауырымнан сұрап та көрмеппін. Дос балалары айтады, бірінші қабатта істейтін бала еді дейді. Шыққанда да бір грамм қауіпсіздік техникасы сақталмаған", - дейді ол.

Туыстарының айтуынша, марқұм болған жігіт Жамбыл облысының тумасы. Құрылыста істеп жүргеніне бірер жылдың жүзі болыпты. Үйінің үлкені болғандықтан, отбасының негізгі асыраушысы болып, сыртқа кетіп еңбек етіп жүрген.

Ал құрылыс нысанында қорғаныш торы неге болмағанын құрылыс компания өкілдері түсіндіріп бере алмады дейді телеарна.

"Мейірім" ЖШС директорының орынбасары Ерлан Әлиевтің айтуынша, қорғаныш торлары болған.

"Қорғаныш торлары болды. Ешкімді мында жұмысшыларды күшпен жұмыс істеткізіп жатқан жоқ. Ол бап-бабымен істелінетін жұмыстар. Сондықтан бұл мәселе істелінген болатын. Оны қай уақытта болған және бұзғанын тергеу шешсін", - дейді ол.

Дереккөз КТК телеарнасы

Астана телеарнасының хабарлауынша, дегенмен жауапты мекеме өкілі, құзырлы орган өкілдері кінәлі деп тапса, компания өз мойнына алуға дайын екенін жеткізген.

"Бүкіл мәселелерді заң тұрғысынан шешсін. Қазір зерттеулер жүргізіліп жатыр. Тергеу комитеті қандай үкім шығарады, сол үкім бойынша жауапты тартуға дайынбыз", - дейді "Мейірім" ЖШС директорының орынбасары Ерлан Әлиев.

Қалалық құзырлы орган өкілдері қайғылы жағдайға байланысты тергеу жұмыстарын бастап кеткен. Қазіргі таңда куәгерлерден жауап алынуда.

Белгілі болғандай, бұл құрылыс алаңында 60-қа тарта құрылысшы жұмыс істейді екен. Қайғылы жағдайдан кейін құрылыс уақытша тоқтатылған.

Мердігер компания қайтыс болған жігіттің денесін туған жеріне жеткізуге көмектеспекші. Сондай-ақ жерлеу рәсіміне кететін шығындарды көтеруге уәде еткен. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896475-elordada-krylyssy-beton-kabyrgasyn-kjyp-zrip-kaza-boldy/