"Калькулятор қолдана алады": Аймағамбетов ҰБТ-ның қалай өтетінін айтып берді (видео)
Жарияланған күні:
Журналист Нартай Аралбайұлына сұхбат берген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов алдағы ҰБТ қалай өтетінін айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
Министр ҰБТ-ны тапсыру кезінде әр баланың өз компьютері болатынын айтуда.
"Бізге керегі - академиялық адалдық, тесттің адал, таза өтуі. Енді қағаз жүзінде емес, электронды түрде өздері отырып тапсырады. Баяғыда жеті күнде 120 мың адам улап-шулап, айқаймен тесттен өтіп жатса, қазіргі уақытта 100 күннің ішінде 120-130 мың бала өзі ыңғайлы уақытын таңдап алып барады. Әр балада өзінің компьютері болады. Ол компьютердің камерасы болады", - дейді Аймағамбетов.
Министр әр баланың тест тапсыруына ыңғайлықтар қарастырылғанын алға тартты.
"Баланың таза істеп отырғанын тексеретін проктеринг жүйесіне қосылған компюьтерде тестін тапсырып болғаннан кейін, ол жедел өзінің алған ұпайын біледі. Тапсырғанға ыңғайлы етіп, сұрақты алдыға өткізіп жіберуге немесе сұраққа қайтып келуіне болады, калькуляторы да бар. Калькуляторды басып, оны қолдану деген сияқты, оның да өз артықшылықтары бар", - дейді БҒМ басшысы.
Аймағамбетов тест уақытын наурыз айынан бастап таңдауға болатынын айтуда.
"Наурыз айынан маусым айына дейін өздері ыңғайлы уақытты таңдайды... Ал калькуляторға келсек, оны таңдаған мамандығына қарамастан, бәрі қолдана алады. Себебі, оны қолдануды да білу керек. Ол да функционалдық сауаттылық. Қиын есеп болса, калькулятор тұрмақ, басқа не берсең де, ол оны қолдана алмайды. Бірақ біз беретін калькулятор өте қарапайым, қосу, алу, бөлу сияқты функциялары ғана бар", - дейді министр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896554-kalkulator-koldana-alady-ajmagambetov-bt-ny-kalaj-tetinin-ajtyp-berdi/