"6 жылдан бері ештеңе тындырмады": Жамбыл облысында тұрғындар ауыл әкімінің қызметтен кетуін талап етті
Жарияланған күні:
Жамбыл облысы Бектөбе ауылының тұрғындары ауылдық округ әкімінің жұмысын "нөл" деп бағалап, қызметтен кетуін талап етті. Жұрт "елді мекен басшысы 6 жылдан астам уақытта ештеңе тындырмады" деп наразы. Себебі тұрғындар облыс орталығының іргесінде тұрса да, өркениеттен жұрдай екенін, ауылда ауыз су, жол, жер кезегі сияқты проблемалардың әлі күнге дейін шешілмегенін айтады хабарлайды "Хабар 24".
Тараз қаласымен арасын бір ғана көше бөліп тұрған ауылда орталықтандырылған су жүйесі жоқ. Бес мыңға жуық тұрғыны бар елді мекен әлі күнге дейін суды құдықтан тартып ішіп отыр.
"Қыстың күні қатып қалса, астына балон жағамыз. Әурешілік. Жылда айтылады. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатады. Бұл не деген бітпейтін жобалық-сметалық құжаттама? Келеді әкімдеріміз. Отырады. Айтады-айтады кетеді. Ешқандай проблема қолға алынып жатқан жоқ", - дейді Бектөбе ауылының тұрғыны Әлішер Абдуллин.
Ауылдағы тағы бір проблема – жер мәселесі. Жергілікті тұрғындар бір жапырақ жерге қол жеткізе алмай отырғандарын айтады.
"Күткенімізге 20 жыл болды. Одан бері жиырмадағы бала қазір 40-қа келді. Үйленген жоқ. Бір үйде 7-8 адамнан тығылысып отыр", - дейді ауыл тұрғыны Қарасай Кәрімов.
Айта кетейік, заңға сәйкес жеке тұрғын үйлер салу үшін тиісті инженерлік-инфрақұрылым тартылмай, жер телімдері берілмейді.
Алайда бұл заңның Бектөбе ауылына қатысы жоқ сыңайлы. Тұрғындар әкімдіктегілер жерді "оңды-солды сату үшін" заңның осал тұсын тауып алған деп отыр. "Оны нақты аукцион арқылы жүзеге асырады", дейді олар. Ал аукционның қашан, қай кезде өтіп жатқандығынан ауыл азаматтары бейхабар.
Бұған дейін 100 жер телімі осындай жолмен сатылып кеткен көрінеді. Елді мекен тұрғындарының айтуынша, оның ішінде бірде-бір тұрғылықты ауыл азаматы жоқ.
"Қандай аукцион болуы мүмкін үш мың адам жер кезегінде тұрғанда? Айтыңызшы? Соған жауап беріңізші? Үш мың адам кезекте тұр. Аукционда айдаладағы біреулер ұтып алып жатыр. Әкім есебінде "мен пәлен жерді бердім, осы ауылдың кембағал, баласы жоқ адамға бердім" деп айтты ма? Еш уақытта айтпайды. Өйткені ол жердің бәрі сатылды", - деп ашынды ауыл тұрғыны Затулла Райымбердиев.
Теларна мәліметінше, аудан әкімінің қатысуымен өтетін есеп беру жиынына Қаратөбе ауылдық округінің әкімі келмеген. Әкім науқастанып қалған көрінеді.
Ал мәселені айта-айта жалыққан жұрт аудан әкімінің есебінде айқайға басқан.
"Әкімнің өткен жылғы есебін бүкіл халық осы жерде "нөл" деп шығарды. Мүлдем жұмыс істеп жатқан жоқ. Бірде-бір ауылдың проблемасын шешіп жатқан жоқ", - дейді ауыл тұрғыны Әлішер Абдуллин.
Қазір бір ғана Қаратөбе ауылдық округінде 2866 адам жер кезегінде тұр. Жұрт 20 жылдан бері кезегіміз жылжымай қойды деп қынжылады. Бұл проблеманы округтің ғана емес, аудан әкімі де білетін болып шықты.
"Бұл біраз уақыттан бері кезектілікпен жер берілмегендігі рас. Соның салдарынан туындаған қордаланаған мәселе. Әуежайдың жанында болғаннан кейін жер мәселесі бойынша келісім ала алмай отырмыз. Тағы да бас жоспарды қарап, зерделеп жер учаскелерін беруге мүмкіндік болатындай жағдай болса, берілетін тиісті құжаттарын дайындап, әзірлейтін боламыз", - дейді Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев.
Бұдан бөлек, Бектөбеде жайылым, суармалы су, электр желісі сияқты шешімін таппаған мәселе көп. Ауылдық тұрғындар мән-жайға үңіліп, проблеманы жүйелі шешетін әкім тағайындауды талап етіп отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897015-6-zyldan-beri-estee-tyndyrmady-zambyl-oblysynda-trgyndar-auyl-kimini-kyzmetten-ketuin-talap-etti/