Неліктен коронавирусқа қарсы вакцина кейбір адамдарға көмектеспеуі мүмкін
Жарияланған күні:
Страсбург университетінің молекулярлық биология және вирусология саласындағы PhD докторы, ғалым Әсел Мұсабекова коронавирусқа қарсы вакцинаның кейбір адамдарға не себепті көмектеспейтінін түсіндірді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ғалымның айтуынша, "Спутник V" вакцинасы аденовирустар негізінде жасалған.
"Мысалы, "Спутник V" сияқты векторлық вакцинаны алсақ, ондай вакциналар аденовирустар негізінде жасалады. Ал аденовирус – жыл сайын тұмау мауысымы кезінде таралатын вирустар. Олардың түр-түрі болады. Бізде көп аденовирусқа қарсы иммунитет қалыптасқан. Ал "Спутник V" вакцинасында адамның екі аденовирусын қолданған.
Біреуі – 5-ші аденовирус, екіншісі – 26-шы аденовирус. Оларға қазіргі COVID-19-дың бір бөлшегін қосып қояды. Осылайша векторлар, яғни аденовирустар адам ағзасындағы жасушаларға жаңа вирус туралы "ақпарат" жеткізеді де, антиденелер бөліне бастайды, қорғаныс жүйесі қалыптасады", - деді Мұсабекова.
Алайда маман кей кезде ондай реакция болмай қалуы да мүмкін екенін айтады. Себебі адамда вектордың өзіне иммунитет болады екен.
"Демек бізде вектордың өзіне, яғни аденовирусқа қарсы иммунитет болса, онда вакцина әсер етпеуі де мүмкін. Яғни біздің ағзамыз вакцинаның өзін "жеп қояды". Ол жасушаға да кіріп үлгермейді. Міне, осыған байланысты вакцина кейбір адамдарға көмектеспеуі де ықтимал", - дейді Мұсабекова.
Оның айтуынша, ресейлік ғалымдардың екі компонетті вакцинаны шығарудың себебі де сол. Адамда 5-ші аденовирусқа иммунитет болса, 26-шы аденовирусқа болмай қалуы мүмкін.
Сол себепті алдымен вакцинаның бір компонентін салады. Ал 21 күннен кейін екінші компонентін егеді. Осылайша, бір компонент екіншісін күшейтеді де, вакцинаның тиімділігі артады.
Маманның сөзінше, кез келген вакцина 100 процентке қорғай алмайды. Дегенмен коронавирусқа қарсы екпелер аурудың асқынып кетуінен және індеттің ауыр формасынан қорғайды.
"Осылайша вакцинация инфекцияның өзінен қорғай алмаған күннің өзінде ауыр салдарынан қорғайды. Ал коронавирус кезінде бұл – маңызды мәселелердің бірі", - дейді Әсел Мұсабекова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898065-nelikten-koronavirusqa-qarsy-vakcina-keibir-adamdarga-komektespeui-mumkin/