Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда балаларына тамақ таппай қиналған аяғы ауыр келіншек елден көмек сұрап отыр

Жарияланған күні:

жүкті келіншек
Фото: istock

Алматыда бес ай бұрын күйеуі тастап кеткен келіншек екі баласына тамақ таппай қиналып қалғанын айтып, редакцияға хабарласты. Ол Алатау ауданындағы Ақбұлақ шағын ауданында жер үйлердің бірінде бөлме жалдап тұрады. Соңғы екі ай пәтерақысы да төленбеген. Келіншектің аяғы ауыр, айы-күні жақындап қалған. Ол бірінші рет халыққа осылай қол жайып отырғанын, тегін тамақ алса да риза болатынын жеткізді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Перизат М. жүктіліктің 37 аптасында. Үшінші балаға аяғы ауырлаған соң араға бір-екі ай салып, күйеуі үйден кетіп қалғанын айтады. Бала-шағасын тастап кеткен күйеуінің әрекетін келіншек өзі де түсінбейді.

"Қазір өз анасымен бірге тұрып жатыр. Маған сол кеткеннен хабарласқан жоқ. Балаларын іздеп, олардың не ішіп, не киіп жүргенін сұраған емес", - дейді Перизат М.

Десе де, келіншек күйеуі қайтып келсе қосылатынын жеткізді. Перизат күйеуімен заңды түрде ажыраспағанын айтады.

"Мен заңды түрде ажыраспасам да, алиментке өтініш беруге болатынын біліп, құжаттарды өткізіп қойдым. Екі ай өтсе де, әлі жауап жоқ. Екі айдың пәтерақысы төленбеді. Қазір жүктімін, наурыз айында босанып қалуым мүмкін. Өзім осы Ақбұлақта жер үйде бөлме жалдап тұрамын. Әкем қайтыс болған. Анам ауылда. Өздері күнін әрең көріп отыр. Оларға екі баламен барып масыл болғым келмейді. Жалғыз үмітім алиментте", - дейді келіншек.

Перизат М. азық-түлік алу үшін онлайн кредит рәсімдеп, оның пайызы жоғары болатынын ескермеген.

"Интернетпен алған кредитім 42 мың теңге, көп емес, бірақ қазір пайызымен бірге 59 мыңға өсіп кетті. Пәтерақыға беру үшін, тамақ сатып алуға ақша таппай, осындай қадамға бардым. Қазір азық-түлік қымбаттап кетті. Жүкті болғандықтан қол-аяғым байланып отыр. Үлкен балам үйден онлайн оқиды. Екі баламның тамағына ақшалай, тіпті азық-түлікпен көмектессе риза болар едім. Бірінші рет осылай халықтан сұрап отырмын. Шынымды айтсам, жалғызбасты болған қиын екен", - дейді ол.

Ақбұлақ фото
Фото: Перизат М. жеке мұрағатынан

Перизаттың айтуынша, күйеуі мен енесі өзін белгісіз себеппен психологқа апарған.

"Күйеуім ажырасамыз деп құжатымды алып кетті, артынан мені психологқа бір құжатқа қол қоюға апарды. Құжатта не жазылғанын оқиын десем, бермеді. Сосын мен қол қоюдан бас тарттым. Ажырасуға психолог не қажет? Меніңше мұнда енемнің де қатысы бар. Мен ешкімге жала жапқым келмейді. Тек заңды түрде алиментімді алсам деймін", - дейді әйел.

Перизаттың сөзінше, қазір ол пәтерге 40 мың теңге қарыз. Ал онлайн кредитінің үстемесі күн сайын өсуде. Айтуынша, микрозайм берген ұйым күнде қоңырау шалып, мазасын алады.

Ол халықтан ақшалай көмек алып жатса, кредитін жауып, оның есебін беретінін жеткізді.

Перизатқа көмек қолын созам деген жандар үшін оның реквизиттері:

Kaspi Gold: 8 747 305 72 32

Перизат М.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898430-almatyda-balalaryna-tamaq-tappai-qinalgan-ayagy-auyr-kelinsek-elden-komek-surap-otyr/