Дәрігер: Ауырған адамда коронавирус белгілері 2 жылға дейін сақталады
Жарияланған күні:
ОКҚ өткен брифингте "Кардиология және ішкі аурулар" ғылыми зерттеу орталығы ішкі аурулар кафедрасының профессоры Сәуле Қасенова коронавируспен ауырғандарда ауру белгілері екі жылға дейін сақталатынын айтты деп хабарлайды Coronavirus2020.kz telegram арнасы.
Қасенованың сөзінше, коронавируспен ауырғандардың 20 пайызында ұзақ уақыт бойы ауру белгілері сақталады.
"Аурудың клиникалық белгілері болғандарда 3 айға дейін, ауыр түрімен ауырғандарда 2 жылға дейін сақталады", - дейді маман.
Оның айтуынша, індетпен ауырған адамды ұзақ уақыт бойы жөтел, демікпе, әлсіздік, бас ауруы мен бас айналуы мазалауы мүмкін.
"Кейбіреулерінің жүрегінде, енді бірінің кеудесінде ауырсыну пайда болады. Ұйқысы бұзылып, есте сақтау қабілеті нашарлап кететіндер де бар", - дейді Сәуле Қасенова.
Профессордың айтуынша, инфекциядан кейін қайта қалпына келтірудің әртүрлі жолдары бар.
Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының қабылдау бөлімінің меңгерушісі Айнұр Тәуекелова коронавируспен ауырғандарға қандай нұсқаулықтар берілетінін айтты.
Оның сөзінше, нақты ұсынымдар жоқ. Дегенмен ақуызға бай тағамдарды тұтынуға, ұйқы режимін бір қалыпқа келтіруге кеңес беріледі.
"Коронавируспен ауырған адамдар міндетті түрде күндіз бір тынығып алуы тиіс. Толыққанды ұйқы 8 сағаттан кем болмау керек және диета ұстаған кезде дәрумендері мол болуын қадағалау қажет.
Сонымен қатар D, B, C тобындағы дәрумендерді, мырыш, магнийді қолдану керек", - дейді Айнұр Тәуекелова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899495-dariger-auyrgan-adamda-koronavirus-belgileri-2-zylga-deiin-saqtalady/