Көпбалалы аналар 8 наурызға орай қаржылай көмек алады
Жарияланған күні:
Өскеменде көпбалалы аналар 8 наурыз мерекесіне орай қаржылай көмек алатын болды деп хабарлайды Altaynews.kz.
Халықаралық әйелдер күніне орай қаладағы көпбалалы аналарға ақшалай жәрдемақы берілетін болды.
Төрт және одан да көп балаларды тәрбиелеп отырған әйелдерге қаржылай көмек тағайындалатыны хабарланды.
"Сондай-ақ жәрдемақыны "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқа иегерлері немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алғандар, бірінші және екінші деңгейлі "Ана Даңқы" ордендерімен марапатталғандар да алады. Төлем мөлшері 5 АЕК-ні (14 585 теңге) құрайды", - деп хабарлады Өскемен қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығында.
Мемлекеттік көмек 8 наурыздан кейін беріледі. Қаржылай жәрдемақыны алу үшін "Қазпочта" АҚ бөлімшелеріне жүгіну жеткілікті. Өзіңізбен жеке куәлігіңізді ала шығуыңыз керек.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда көпбалалы аналарға автобуста тегін жүруге рұқсат етілгенін жазған едік.
Шаһар басшысының сөзінше, Алматы мәслихаты депутаттары басқа мемлекет аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, "Алтын алқа" мен "Күміс алқа" алқасымен марапатталған көпбалалы аналарға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі 18 жасқа дейінгі баланы алып жүретін адамдарға қаладағы қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру туралы шешімді қолдаған.
Қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының мәліметінше, шаһарда мүмкіндігі шектеулі 18 жасқа дейінгі балаларды алып жүретін 1161 адам бар. Бұл санаттағы адамдарға 50% жеңілдік беріледі. Ал "Алтын алқа" мен "Күміс алқа" алқасымен марапатталған 4663 көпбалалы анаға тегін жол жүру құқығы беріледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899771-kopbalaly-analar-8-nauryzga-orai-qarzylai-komek-alady/