RU

Тоқаев Жаңатастағы өрттен қаза болған балалардың ата-анасына көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңатас қаласындағы қайғылы оқиғадан қаза болған балалардың ата-анасына көңіл айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өз Facebook парақшасында мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңатас қаласындағы өрттің салдарынан балалардың қаза болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдаған.

Мемлекет басшысы Әбдімәліковтер отбасының қайғысымен бөлісіп, қаза болған балалардың ата-анасы мен туыстарына көңіл айтқан.

Президент бұл жағдайды бір ғана отбасының емес, бүкіл еліміздің басына түскен трагедия деп санайды. Ол балалардың ата-анасына жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды.

Мемлекет басшысының көңіл айту жеделхатын Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жеткізді.

Айта кетейік, күні кеше Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласында өрттен бір үйдің бас баласы көз жұмды.

Ал бүгін ТЖ департаментінің бастығы Ермек Момбаев өрт-техникалық зертхананы зерттеудің алдын ала деректерін жариялады. Ол тұрғын үйдің пәтеріндегі өрт оқиғасы тез тұтанғыш материалдың бетіне ашық от көзінің түсуі салдарынан туындағанын мәлімдеді.

"Өрт бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы үш бөлмелі пәтерде болды. От балалар бөлмесінде тұтанған. Жалын 16 шаршы метр аумақты қамтыды. Жылжымалы өрт-техникалық зертханамен зерттеу жүргізу кезінде оқиға орнында жанған сымдар мен электр жабдықтары, пеш немесе басқа да қосымша жылыту құралдары табылмады, үй орталық жылытуға қосылған", - деді ТЖД басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899989-toqaev-zanatastagy-ortten-qaza-bolgan-balalardyn-ata-anasyna-konil-aitty/