RU

Петропавлда болған жарылыста кімдердің көз жұмғаны анықталды

ТЖ орны
ТЖ орны. Фото: Sputnik/Елена Бережная

Петропавлдағы дәмханада болған жарылыста кімдердің зардап шегіп, қаза тапқанын полицейлер жария етті деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, газ баллоны 5 қабатты жатақхананың бірінші қабатында орналасқан «Қара жорға» дәмханасында жарылған.

Жарылыс болған кезде дәмханада оны жалға алушы жігіт, 3 жұмысшы және 4 келуші, ал көрші орналасқан «Версаль» шаштаразында 4 адам болған.

Жарылыстың арты өртке ұласып, салдарынан дәмхана ғана емес, жапсарлас үй-жай және жатақхананың көрші бөлмелері зақымданыпты.

Газ баллонының жарылуынан дәмхананың 1999 жылғы жұмысшысы мерт болған. Оның денесі өрт сөндірілгеннен кейін үйіндінің астынан шығарылды.

Ал дәмхананы жалға алған 1996 жылы туған ер адам Петропавлдағы қалалық көпбейінді ауруханада алған күйіктен қайтыс болды.

Жедел-тергеу тобы оқиға орнынан, «Қара жорға» дәмханасының ас үйі болған жерден жарылған 25 литрлік газ баллонын, газ плитасының шлангісін және екі комфоркасын тапты.

ПД бастығы Марат Төлебаевтың айтуынша, осы іс бойынша бірқатар тиісті сараптамалар тағайындалды. Соның ішінде өрт-техникалық СҚО сараптама да бар. Қылмыстық істің тергелу барысы облыстың бас полицейі мен прокурорының бақылауында болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900250-petropavlda-bolgan-zarylysta-kimderdin-koz-zumgany-anyqtaldy/