RU

Көршісіне 17,5 млн теңгесін берген әйел өзін тонап кеткенін айтып шағымданды

Доллар мен теңге
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Қарағандыда егде жастағы әйел ірі сомадағы қаражатты көршісіне сақтай тұруға беріп, бұл туралы ұмытып кеткен. Осылайша зейнеткер өзін тонап кеткенін айтып, полицияға арызданған деп хабарлайды Polisia.kz.

18 ақпанда Қарағанды полициясының орталық бөлімшесіне 64 жастағы жергілікті тұрғыннан полицияға арыз түскен. Әйелдің сөзінше, ол бірнеше күн медициналық мекемеде жатып, тиісті ем қабылдаған.

Зейнеткер үйіне оралған сәтте пәтерін тонап кеткенін анықтапты. Қария қаскөйлердің үйіне кіріп, 5 млн теңге мен 30 мың долларын ұрлап кеткеніне сенімді болған. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 17,5 миллион теңгені құраған.

Сайттың мәліметінше, аталған оқиға бойынша "Ұрлық" бабымен қылмыстық іс қозғалған.

Тәртіп сақшылары күдікті қылмыскерді анықтау мақсатында жедел-іздестіру шараларын бастап кеткен кезде жәбірленуші ауруханаға жатпас бұрын, жиған-тергенін көрші тұратын әйелге сақтай тұру үшін бергенін есіне түсіріпті.

Көршісінің зейнеткерге барлық ақшасын қайтарып бергені хабарланды.

Полицейлердің сөзінше, жаңадан пайда болған деректерге байланысты қылмыстық іс тоқтатылған.

Еске сала кетсек, Ақмола облысындағы ойын клубында ұтылып қалған мас ер адам ғимаратта төбелес шығарғанын хабарлаған едік.

Полицияға 57 жастағы жергілікті тұрғын жүгінген. Ол мас ер адамның ойын клубында төбелес шығарғанын айтқан. Келуші жанжалмен бастап, монитор мен компьютердің жүйелік блогын сындырған.

Оқиға орнына келген полицейлер төбелес шығарған ер адамның бұрын сотталғанын, осы клубқа жиі келетінін анықтапты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900345-korsisine-175-mln-tengesin-saqtai-turuga-bergen-aiel-ozin-tonap-ketkenin-aityp-sagymdandy/