Бесік жырын айтатын ұлты орыс қызылордалық келін туралы не білеміз (видео)
Жарияланған күні:
Қазақ отбасына келін болып түскен орыс қызы Вера Нестерованың күнделікті тұрмыс-тіршілігін Тик-ток желісінің қолданушылары қызыға қарайды. Ауласында үй құстарын күтіп-баптаумен айналысатын келіншек қазақша еркін сөйлейді. Тіпті көпшілігі оның өз ана тілін білетініне күмәнмен қарайды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Вера Нестерова қазақ тілін алты жасынан білетінін айтады.
"Туып-өскен ортамның бәрі қазақ, өзім қызығып үйреніп алдым. Бала кезімде қазақ құрбыларымның сөздерін қайталап жүретінмін. Ал негізі 9 жыл орысша оқығанмын. Тек соңғы төрт жыл колледжде қазақша білім алдым", - дейді Вера.
Қызылорда қаласында тұратын келіншек тек қазақы ортада жүргенінен ана тілі орысшаны акцентпен сөйлейтінін жасырмады.
"Орысша жақсы білемін, бірақ күнделікті сөйлемеген соң акцент бар", - дейді Вера күліп.
Вера өзін әлеуметтік желіде "ұлтым - орыс, жаным - қазақ" деп таныстырады. Қазір үшінші сәбиін күтіп жүрген келін қазақтың салт-дәстүрін түгел ұстанатынын айтты.
"Ата-енеме, қайын ағама, қайын әпкеме иіліп сәлем саламын. Қазақтың барлық салтын білемін. Екі үлкен қызымды бесікке салып өсірдім. Бесік жырын айтамын", - дейді ол.
Айтуынша, ата-енесі шаңыраққа Вера келін болып түскенде қарсылық танытпаған.
"Маған қарсы болған жоқ. "Бірге тұратын екеуің" деп жолдасыма жарын таңдауда еркіндік берді", - дейді Вера Нестерова.
Қазақ тілін тез үйреніп кету үшін Вераның айтары біреу-ақ.
"Адам тіл үйренуге ынтасы, құлшынысы болса үйреніп кетеді. Ешқандай қиындығы жоқ. Тілді жақсы көру керек. Қазақстанда туған соң қазақ тілін білу міндетім", - дейді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900470-besik-zyryn-aitatyn-ulty-orys-qyzylordalyq-kelin-turaly-ne-bilemiz-video/