Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Өрттен балалар өлім құшып жатқанына күйінген депутат кінәлілерді қатаң жазалауға шақырды

Опубликовано:

Фахриддин Қаратаев
Фахриддин Қаратаев. Фото: azattyq-ruhy.kz

Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев палатаның жалпы отырысында өткен аптада Жамбыл және Қызылорда облыстары мен Петропавлда болған өртке қатысты пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мәжілісмен премьер-министр Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында балалар мен азаматтардың өрт қауіпсіздігі үшін кім жауап беретінін сұрады.

"Бұл оқиға (Жаңатастағы өрт - ред.ескертпесі) тиісті жергілікті билікке үлкен сабақ болуы керек. Біздің халқымызға қашанғы өрт қаупі төне бермек? Ертең мұндай жағдайға тап болмайтынымызға кім кепілдік береді? Бұл оқиғалар шешуді қажет ететін көптеген мәселелер бар екенін көрсетті", - деп қосты ол.

Ол өткен жылдың қыркүйек айында Төтенше жағдайлар министрлігі тиісті өкілеттіктермен және жеке құраммен қайта құрылғанын еске түсірді. Алайда, мәжілісменнің айтуынша, оның жұмысы әрдайым уақытылы және тиімді болмауда: 2020 жылдың тоғыз айында елде тоғыз мыңнан астам өрт болған екен, салдарынан 228 адам қайтыс болып, 217 адам жарақат алған.

Осыған байланысты Фахриддин Каратаев министрлер кабинетінің басшысынан Төтенше жағдайлар министрлігіне облыстық әкімдіктермен бірлесіп, көппәтерлі тұрғын үйлер мен жеке үйлерде, әсіресе уақытша тұрақтарда өрттерді бақылау және алдын алу бойынша толыққанды жұмыс жүргізуді тапсыруды сұрады.

"Жаңатас, Қызылорда және Петропавлдағы оқиғаларды тергеу нәтижелері бойынша сізден кінәлі шенеуніктерге қатысты ең қатаң шаралар қолдануды және бұқаралық ақпарат құралдарын бұл туралы хабардар етуіңізді сұраймыз. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін жағдайды ерекше бақылауға алуыңызды, ал Төтенше жағдайлар министрлігі жергілікті әкімдіктермен бірлесіп өртке қарсы бақылау мен алдын алу шараларын күшейту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуін сұраймыз", - деп түйіндеді депутат.

Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласында өрттен бір үйдің бес баласы көз жұмғанын жазған болатынбыз.

Одан бөлек, Петропавлдың орталығында бесқабатты жатақханада газ жарылып, екі адам қайтыс болған еді.

Ал Ақмола облысында ұлын өрттен құтқармақ болған әке онымен бірге көз жұмған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1900570-ortten-balalar-olim-qusyp-zatqanyna-kuiingen-deputat-kinalilerdi-qatan-zazalauga-saqyrdy/

pixel