Вакцинаның әсері: Цой эпидемиологиялық жағдайға болжам жасады
Жарияланған күні:
Денсаулық сақтау министрлігі вакциналауды ескеріп, осы жылдың екінші жартыжылдығына дейін эпидемиологиялық жағдайға болжам жасады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Қазақстанда жеке әзірлеушілердің, сондай-ақ вакциналарды өндіруге арналған оқшауландырылған алаңдардың болуы – бұл вакцинамен қамтамасыз етумен байланысты тәуекелдерді барынша азайту және республикамыздағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға айтарлықтай әсер ету мүмкіндігі. Осылайша, 2021 жылы біз 6 миллионнан астам адамға екпе салуды жоспарлап отырмыз", - деді Алексей Цой министрліктің алқа отырысында.
Ведомство басшысы жиын барысында министрліктің профилактикалық егулерді жүргізу, вакцинаны тасымалдау және сақтау кезінде суық тізбек шарттарын сақтау мәселелері бойынша стандартты операциялық рәсімдерді әзірлеп бекіткенін жеткізді.
Оның сөзінше, КВИ-ға қарсы вакцинация тактикасы, вакцинацияның қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету бойынша 2 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылған.
Егілгендердің есебін жүргізу және иммундық жағдайды бақылау e-gov mobile "Вакцинация" сервисі және "Цифрлық құжаттар" сервисіндегі вакцинация паспорты арқылы жоспарлануда.
Бұл вакцинация көлемін және аурудың болжамын жоспарлауға көмектеседі, дейді министр.
"Вакцинацияның қолда бар нәтижелерін ескере отырып, ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына дейін эпидемиологиялық жағдайдың болжамы қалыптастырылды", - деді Цой.
Ол оптимистік және шынайы болжамға сәйкес жаппай вакцинациялау, маска режимін қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік қашықтықты сақтау елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруды қамтамасыз етуі және өзін-өзі оқшаулау мен карантинге балама болатынын жеткізді.
"Бүгін бүкіл әлем вакциналау арқылы ғана үйреншікті өмірге карантинсіз оралуға мүмкіндік беретінін түсінді. Осыған байланысты барлық өңірлер иммунопрофилактика мәселелері бойынша халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет", - деді денсаулық сақтау министрі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901322-vakcinanyn-aseri-coi-epidemiologiyalyq-zagdaiga-bolzam-zasady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.