Балалар мектепте маскамен отыруы тиіс пе: Жандарбек Бекшин жауап берді
Жарияланған күні:
Алматыда көптеген оқушы оқытудың аралас түріне көшті. Осы орайда қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин балалар мектепте маскамен отыруы тиіс пе деген салауға жауап берді деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, 5 жасқа дейінгі балалар ғана маскасыз жүре алады. Ал 5 жастан асқан балалар маска тағуы тиіс. Бұл мектептің басқа да қызметкерлері мен ұстаздарына қатысты", - дейді Жандарбек Бекшин.
Оның айтуынша, қазіргі коронавирус толқынын алсақ, инфекция өткендегімен салыстырғанда балаларға жиірек жұғып жатыр.
"Мысалы былтыр пандемия басталғалы 281 оқушы ауырған. Ал биыл жыл басынан бері 2 айда 500 оқушы ауырған. Бұл мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне де қатысты. Егер былтыр сәуірден желтоқсанға дейін 28 бала жұқтырса, биыл 38 бала жұқтырған", - дейді ол.
Бекшиннің айтуынша, балалар офлайн оқу кезінде де ата-аналарынан, туыстарынан коронавирус жұқтырып жатыр.
"Көбінесе офлайн форматта оқитын балалардың 61 пайызы үйінде жұқтырғаны анықталып отыр. Ал былтыр 4 мұғалім ауырса, биыл 10 мұғалім жұқтырған", - дейді Бекшин.
Айта кетейік, соңғы уақытта Алматы коронавирус жұқтырғандар күн санап артуда. Мәселен өткен тәулікте 134 адамнан COVID-19 инфекциясы анықталған.
Сонымен қатар қазір оңтүстік астана коронавирустың таралу көрсеткіші бойынша "сары" аймақта.
Сондай-ақ бұған дейін желіде масканы шешуге тыйым салғаннан кейін оқушы көз жұмды деген ақпарат тараған еді. Бұл мәліметтің рас-өтірігін Stopfake.kz сайты анықтады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902239-balalar-mektepte-maskamen-otyruy-tiis-pe-zandarbek-beksinnin-zauap-berdi/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде