Қостанайда әртістер жұмыстан кеткен Сүндет Байғожинді қайтаруды талап етуде
Жарияланған күні:
Қостанайдағы Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда, жұмысқа шықпаған әртістерге ақша төленіп отыр. Өнер ордасының бұрыңғы директоры бұған көз жұма қарай алмаған. Сол үшін оның жұмыстан өз еркімен кетуін, жергілікті шенеуніктер талап еткен. Бұл ақпаратты экс-директордің өзі растады. Қара шаңырақтағы ұжым білікті басшының қызметіне қайтып келгенін талап етуде деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Сүндет Байғожин 6 ай бұрын атажұртқа оралып, облыстық филармония басшылығына тағайындалған болатын. Әртістер аз уақытта оның Елубай Өмірзақов атындағы қара шаңыраққа тың өзгерістер енгізгенін жарыса айтты. Филормония жастарын өнермен қатар, салауатты өмір салтына жетелеген. Бірақ туған жерге туын тіккелі келген талантты биліктегілер бағаламаған көрінеді.
"9 наурыз күні келіп, ұжымды жинап "мен осындай өтінішке қол қойдым" дейді. Ол өз шешімімен қойылып отырған мәселе емес. Ол мәселе жоғарыдан келіп отырған. Сондықтан біз филормония әртістері осы шешімге қарсымыз" , - деді филармония әншісі Майра Қаржауова.
Әлемді мойындатқан әнші-басшыны қарамағындағы бәз біреулер мойындамаса керек. Олар әкімдікке домалақ арыз жазып Байғожинді сүріндірмек болған.
"Сүндет жұмысын сұраған кезде дұрыс жұмысын атқара алмайтын кісілер бұлданып, "бізді қысады, ұлтшыл" деп сырттан барып арыз жазады екен. Күнде бара бергеннен кейін, бір кісілер алғанда "істей алмайды, қырып жатыр, құртып жатыр" деп. Сүндетке айтқан "сен жұмысты босат, істей алмадың" деп" , - деді филармония әншісі Арыстан Құрманов.
Алайда аразданды деген директордың орынбасары, мұны жоққа шығарып, ақталды. Ол басшыдан ешқандай қысым көрмегенін, өнер ұжымы өзіне жала жапты дейді.
"Өзімде таңқалып отырмын. Өте тез, шұғыл болды. Тіпті ешқандай сыбыс естілмеді. Неге олай болғанын өзім де түсінбей қалдым" , - деп ағынан жарылды филармония директорының міндетін атқарушы Зухра Иманова.
Бірақ орынбасардың бұл сөзін, бұрыңғы директор қостамады. Белгілі болғандай, Сүндет Байғожин бүгінде ел астанасында жүр. Бұрынғы басшы директорлық қызметіне қайта келуге қарсы емес. Алайда, ол алдымен өнер ордасындағы олқылықтарды ретке келтіру керек екенін айтты.
"Маған ештеңе айтпаған. Мен өзім жұмыс істеп жүріп заңгермен көптеген заңбұзушылық таптым. Бір-екі адам тіпті Ресейде. Жалақы жүріп жатыр карантиннен бері. Бірде-бір рет жұмысқа шықпаған. Сол кезде Ерлан Болатұлы "ертең ке" деді. Келісіп барсам, маған "өз қалауыңмен арыз жаз" деді. Негізгі себеп сол. Сосын маған басынан аяғына дейін Зухра деген орынбасар жұмыс істеткізбеді" , - деді Сүндет Байғожин.
Мәдениет басқармасының басшысы өнер ұжымымен кездесіп, наразы топтың талап-тілегін тыңдады. Бірақ тілшілер қауымына тіс жармады. Әкімдік өкілдері де пікір білдірмеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903163-qostanai-oblystyq-filarmoniyasynda-zumysqa-syqpagandarga-aqsa-tolenip-zur/