RU

ҰҚК қаза тапқан сарбаздар туралы: Тәжірибелі әрі кәсіби дайындалған мамандар еді (фото)

Экипаж
Фото: ҰҚК

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы маңында болған ұшақ апатынан қаза тапқан әскери қызметшілердің фотосуреттерін жариялады - қайғылы оқиға төрт ер адамның өмірін жалмаған. ҰҚК-нің ресми сайтында қаза тапқандардың суреттері мен олар туралы ақпарат пайда болды.

"Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери борышын атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза болған ҰҚК Авиация қызметі әскери қызметшілері:

- авиация бөлімінің штурманы, 19.10.1984 жылы туған майор Ғабит Есімдеұлы Барлықбаевтың;

Ғабит Барлықбаев
Фото: ҰҚК

- авиация бөлімінің ұшу тобының борт технигі, 15.12.1985 жылы туған капитан Досжан Ғалымбекұлы Баймұратовтың;

Досжан Баймұратов
Фото: ҰҚК

- авиация бөлімінің ұшу тобы экипажының штурманы, 24.11.1994 жылы туған аға лейтенант Мұхтар Қажымұқанұлы Сағымбаевтың;

Мұхтар Сағымбаев
Фото: ҰҚК

- авиация бөлімінің ұшу тобының аға борт механигі, 10.11.1985 жылы туған сержант Васильков Евгений Борисовичтің отбасыларына, туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады.

Евгений Васильков
Фото: ҰҚК

АН-26 әскери-көлік ұшағының экипажы тәжірибелі әрі кәсіби дайындалған мамандар еді. Олар өмірінің соңына дейін әскери антқа адал болды. Сарбаздардың жарқын бейнесі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің жадында мәңгі сақталады. Біз ауыр және орны толмас қазаның қайғысын бірге бөлісеміз", - деп жазған ҰҚК баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Алматыда орын алған ұшақ апатынан 4 адам қаза тапқан еді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына қатысты пікір білдіріп, қаза болғандардың жақындарына көңіл айтып, жарақат алғандарға тез сауығып кетуін тілеген.

Көп ұзамай, Алматыдағы ұшақ апатынан қаза тапқандардың есімі белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903253-uqk-qaza-tapqan-sarbazdar-turaly-usaq-ekipazy-taziribeli-ari-kasibi-daiyndalgan-mamandar-edi-foto/