"Аман болыңыздар": Тас жолдағы ұзын-сонар кептеліс жұртты шошытты (видео)
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желілерде Тараз-Шымкент тас жолындағы ұзын-сонар кептелістің видеосы тарауда.
Видеоны танымал қазақстандық фотограф әрі оператор Әділет Рахметолла өзінің Instagram-профилінде жария еткен. Роликтен жүздеген көліктің ұзын-сонар кептелісте тұрғанын байқауға болады.
Кадрлардан кептелістің бірнеше шақырымға дейін созылғанын аңдай аласыз. Бейнежазба астына видеограф бұл жайт кеше таңғы уақытта түсірілгенін жазған. Айтуынша, кептеліс ауа райының нашар болуы салдарынан уақытша жабылып қалған Тараз-Шымкент тас жолында болған.
Видеоны көрген желі қолданушылары кептелісте тұрғандарға амандық тілеуде.
"Жолаушы кісілер, жолдарыңыз ашық болсын, аман болыңыздар", "Жақын арадағы бауырлар, жолаушыларға мүмкіндік келгенше азық-түлік апарып берсеңіздер, нұр үстіне нұр болады", "Киелі Таразым, Алла жолдың амандығын берсін, әр сапарда жүрген адамға", - деп жазған пікір қалдырушылар.
Сол арада "ҚазАқпарат" агенттігі ауа райының бұзылуына байланысты бүгін, 15 наурызда 2 өңірде автомобиль жолдарында қозғалысқа шектеу енгізілгенін хабарлады.
Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен мәлім еткен екен.
Алматы облысында көліктің барлық түрлері үшін "Үшарал-Достық" автожолының 83-184 шақырым аралығы жабық. Бұл - Көктума мен Достық станцияларының аралығындағы учаске (аталған учаске реконструкцияланып жатыр, АБК "Автодор НС").
Солтүстік Қазақстан облысында көліктің барлық түрлері үшін "Волошинка-Сергеевка-Тимирязево" автожолының 0-33 шақырымында, атап айтқанда Волошинка және Кривощеково ауылдарының аралығындағы учаске жабық тұр.
Сонымен қатар "Булаево-Возвышенка-Кирово-Рощинское" автожолының 111-194 шақырымында, атап айтқанда, Малогвардейское және Қиялы ауылдарының аралығындағы учаске жабылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903298-aman-bolynyzdar-tas-zoldagy-uzyn-sonar-keptelis-zurtty-sosytty-video/