Алматыда салмағы 190 келіден асатын науқасқа ота жасалды
Жарияланған күні:
Алматыдағы А. Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталықта салмағы 191 келі тартатын отыз жастағы келіншекке ота жасалды. Аса ауыр салмақтың кесірінен жүріп-тұрудан қалған әйел бірнеше ай бойы дәрігерлердің бақылауында болған. Ота сәтті аяқталған соң асқазан-ішек жолдары және эндокринді ағзалар хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Әділ Абайұлы Шөкебаев KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, мұндай оталардың қалай жасалатынын және науқастың өзін қалай сезінетінін айтты.
“Науқасқа жасалған отаның аты – лапароскопиялық Ру әдісімен гастрошунттау. Бұл отаның негізгі мақсаты - асқазан көлемін кішірейту (рестриктивті эффект) және аш ішектің бастапқы бөлігінде ас қорыту қызметін өшіру (мальабсорбтивті эффект). Ота үш сағатқа созылды және сәтті өтті, ешқандай асқынулар болған жоқ. Ота лапароскопиялық жолмен жасалды, яғни, қандай да бір үлкен тіліксіз, аз инвазивті жолмен өткердік. Сол себепті, отадан кейінгі реабилитация (қайта қалпына келу) кезеңі қысқарып, үш күннен кейін науқас үйіне шығарылды. Қазіргі таңда науқастың жағдайы жақсы, біздің жіті бақылауымызда", - дейді дәрігер.
Әділ Абайұлының айтуынша, мұндай оталар соңғы кезде жиі жасалып жүр. Бұған елімізде семіздікке ұшыраған адамдардың көбеюі себеп болып отыр.
"Соңғы мәліметтер бойынша, елімізде ересектер арасында артық салмақтан әйелдердің 55,5%-ы, ерлердің 49,2%-ы зардап шегеді. Ересектер арасында семіздік Қазақстан халқының 29,7%-да кездеседі. Бұл мәліметтер осындай санаттағы науқастар санының артқанын көрсетеді. Сол себепті, бариатриялық оталар саны соңғы уақытта арта түсуде. Науқастар тек эстетикалық мақсатта ғана емес, сонымен қатар, семіздік салдарынан туындаған әртүрлі аурулармен күресу мақсатында бариатриялық отаға жүгінеді”, - дейді маман.
Тәжірибелі хирургтың айтуынша, мұндай оталар жоспарлы түрде жасалады және науқастар алдын-ала мұқият тексеруден өтеді.
"Алдын-ала мәліметтер отадан кейінгі кезеңді жоспарлауға көмектеседі. Біздің науқасымыз да осындай дайындықтан кейін отаға алынды және ота барысында ешқандай қиындықтар туындаған жоқ. Басынан аяғына дейін жақсы көтерді. Отаға дейін науқастың салмағы 191 келі болатын. Ол өзі ең болмаса 100 келіге дейін салмақ тастауды көздейді. Алайда, бұл отаның көмегімен 85-90%-ға дейін артық салмақтан арылуға болады. Ол шамамен 105-110 келі. Әрине, бұл межеге жету үшін көп еңбек ету керек, науқас жаңа өмірге аяқ басуы үшін дәрігерлер берген нұсқауларды толығымен орындауы қажет. Жасалған ота істің тек жартысы ғана, қалғаны науқастың өз қолында", - дейді дәрігер Абай Шөкебаев.
Бариатриялық ота жасалған науқастар жүйелі түрде дәрігерлердің бақылауында болуы керек. Отадан кейін науқастарға арнайы диетадан бөлек, витаминдер мен микроэлементтер жиынтығы тағайындалады. Сондықтан, отадан кейін алғашқы жылы дәрігерге қаралулар әр 3 ай сайын, екінші жылы - 6 айда бір рет, кейінгі жылдары қаралулар саны жылына бір реттен есептеледі.
Бұл кезде науқастарға диета бойынша кеңестер беріледі, ағзадағы макро және микронутриенттердің деңгейі бақыланады. Егер қандай да бір өзгерістер анықталып жатса, оларға коррекция жасалады.
Семіздіктің қайта дамуының алдын алу, семіздікпен байланысты қосымша ауруларды емдеу шаралары жүргізіледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903381-almatyda-salmagy-190-keliden-asatyn-nauqasqa-ota-zasaldy/