"Жалаңаш төсін ұстап, видео түсірген": Елордалық қыз өгей әкесінің қорлығын жайып салды
Жарияланған күні:
Нұр-Сұлтан қаласының кәмелет жасқа толмаған тұрғыны өгей әкесі тас жолға шығарып тиіскенін, зорлаймын деп қорқытқанын айтты. Қазір күдікті ұсталып, қылмыстық іс қозғалды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Ол үнемі өзін агрессивті ұстайтын. Оны ішіп алып, шу шығарғаны үшін ұстап әкететін, бірақ үнемі беделді таныстары мен байланыстарының арқасында жібере салатын. Бірақ оның балаларға деген ойы бар екенін білмеппін. Оқиға болған күні ол қызымды жаттығу залына апаратынын айтты. Ал өзі оның телефонын алып, менің қоңырауларым мен хабарламама жауап қатуға мүмкіндік бермепті.
Өзі сол уақытта менің қайда екенімді сұраған болатын. Тас жолда менің қызыма тиісе бастаған. Оны өлтіріп, денесін бөлшектеп, жолға лақтырып кететінін айтқан. Кеудесін шешуге мәжбүрлеп, видеоға түсірген. Жалаңаш төсін ұстаған. Егер біреу білсе, қызымды да, өзін де, мені де өлтіретінін айтып қорқытқан",- дейді қыздың анасы азаматтық күйеуі жайлы.
Келіншектің сөзінше, қыз оның сөзінен қорқып, ешкімге тіс жармаған. Бірақ артынша анасына бәрін айтып берген.
Анасы мен қызы Есіл аудандық полиция бөліміне арыз тастаған.
"Біз полиция әрекетін тек бірінші күні ғана көрдік. Жауап алды, ұстады. Бәрі жылдам болды. Бірақ, арыз тастағаннан бері 10 күн өтті, ары қарай тыныштық. Ол өз байланыстары арқылы тергеу изоляторынан шығып, біздің өмірімізге қауіп төне ме деп қорқамын",- дейді келіншек.
Астаналық тұрғын бұл жайында "Не молчи.kz" қоғамдық қорына айтып берген. Ал қор директоры Дина Смаилова болған оқиғаның жай-жапсарын Facebook желісіне жазып, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтан жағдайды өз бақылауына алуды сұрады.
Дина Смаилованың жазбасына қатысты Нұр-Сұлтан полиция департаменті пікір білдірді.
"5 наурыз күні қала тұрғыны Есіл аудандық полиция басқармасына автокөлік салонында кәмелет жасқа толмаған қызын жыныстық іс-қимылға итермелегені үшін азаматтық күйеуін қылмыстық жазаға тарту фактісі бойынша арыз тастады. Тергеу барысында оқиғаның Нұр-Сұлтан- Көкшетау автожолында болғаны анықталды. Қазіргі уақытта күдікті ұсталды. Қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жалғасып жатыр"- деді департаментте.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903598-zalanas-tosin-ustap-video-tusirgen-elordalyq-qyz-ogei-akesinin-qorlygyn-zaiyp-saldy/