Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ораза кезінде коронавирусқа қарсы вакцина салдыруға бола ма

Жарияланған күні:

Ораза
Көрнекі фото: Sputnik / Абзал Калиев

Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы ораза кезінде вакцина салдыру мәселесін түсіндірді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Сәуірде қасиетті Рамазан айы басталады. Сол кезде коронавирусқа қарсы "QazCovid-in" атты қазақстандық вакцина да шығады. Ал ораза ұстағысы келетін мұсылмандар қауіпті вирустан да қорғануды қалайды. "Ауыз бекіткеннен кейін вакцина салдыруға бола ма? Ал, ең бастысы, екпе оразаны бұзбай ма?" деген сауал туындайды.

Мүфтияттың шариғат пен пәтуа бөлімнің маманы Хасан Аманқұлдың айтуынша, адам ағзасына ауыз, мұрын, ішек сияқты табиғи жолмен түскен нәрсе оразаны бұзады. Ал екпе бұлшықетке салынады. Сондықтан оразаны бұзбайды.

"Дене арқылы кірген нәрсе, мысалы, коронавирусқа қарсы екпе оразаны бұзбайды", - деді Аманқұл.

Оның сөзіне қарағанда, қазір ислам ғалымдарының көбісі екпе арқылы денеге салынатын дәрі-дәрмекке ем және адам ағзасына қажетті энергия ретінде қарайды. Ал көктамырға салынатын екпеге қатысты ортақ бір шешім жоқ.

"Егер екпе терінің астына бұлшықетке салынса, ораза бұзылмайды. Жалпы, пенициллин, инсулин, вакцина, ауырсыну мен қызуды басатын дәрілер сияқты ауруды емдеуге және алдын алуға арналған препараттар мен дәрумендер қолданылған жағдайда ораза бұзылмайды", - деп атап көрсетті Аманқұл.

Айта кетейік, 14 сәуірде қасиетті Рамазан айы басталады. Қадір түні 10 мамырға қараған түнге түсіп тұр. Ал Ораза айт 13 мамырда өтеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903629-oraza-kezinde-koronavirusqa-qarsy-vakcina-saldyruga-bola-ma/