Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бітпейтін комиссия": Астанадағы олимпиадалық резерв спорт мектебінің ұжымы жанайқайын жеткізді (видео)

Опубликовано:

Спорт мектебі
Скриншот: Youtube/NUR TV

Нұр-сұлтан қаласындағы №4 олимпиадалық резерв спорт мектебінің ұжымы қалалық спорт басқармасы қызметкерлерінің үздіксіз тексерісінен жалыққанын мәлімдеді. Олар әлеуметтік желіде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа видео жолдады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Спорт мектебінің ұжымы видеоүндеуінде Нұр-сұлтан қаласы Спорт басқармасының бір жыл бойы өздерін тексеріп, мазалаумен келе жатқанын айтады.

Сондай-ақ мектеп қызметкерлерінің сөзінше, елорданың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі мен Экономикалық тергеу департаменті аталған мекемеде қаржының жұмсалуына байланысты тексерісті түсініксіз себеппен созып, ұжымды әуре-сарсаңға салған.

"Біз спорт мектебінің ұжымы Нұр-сұлтан қаласы Спорт басқармасының төрағасы қызметін уақытша атқарушы Самат Ерғалиевқа қатысты шара қолданылуын сұраймыз. Ол кісі осы қызметке келгелі бері бізге қысым көрсетіліп жатыр. Оның бәрі №4 спорт мектебінің қызметкерлеріне, жаттықтырушыларға, мамандарға деген көзқарастың біржақты, сыңаржақ болуына әсер етеді.

Шу неден шықты? Маусым айының басында жөндеу жұмыстарын жасау кезінде Самат Ерғалиев бізге кондиционер орнатуға "өзіне жақын" жеткізуші компания өкілдерін жіберген болатын. Алайда біз сияқты мекемелерде барлығы Мемлекеттік сатып алу сайты арқылы рәсімделетіндіктен, ол компанияның қызметінен бас тарттық. Осы жағдайдан кейін басқарма бастығы біздің қыр соңымызға түсіп, тексерістен көз ашпай қалдық.

Ерғалиев бізге келуін жиілетті. Тіпті жұмыс уақытынан тыс уақытта да, демалыс күндері де тұрақты түрде мектепті айналып шығып, бізге аузына келгенін айтып кетеді. Маған бір рет "Ей, Гоша" деп балағат сөздермен жекіп, ұрысып кетті. Қолымда аудиожазба түрінде дәлелім де бар. Бұл менің ұлтыма байланысты болуы мүмкін", - дейді видеода шағымды оқып тұрған спорт мектебінің қызметкері.

Сонымен қатар видеожазбада қалалық спорт басқармасының төрағасы Самат Ерғалиев мектеп директорынан өз адамдарын жұмысқа алуды талап еткені туралы айтылады. Қызметкерлердің сөзінше, бұл фактпен Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі жақсы таныс.

Спорт мектебінің мамандары тиісті сала шенеуніктерінің бір жыл бойы үздіксіз тексеріс жүргізіп, ұжымның толыққанды жұмыс істеуіне кедергі келтіргенін айтуда.

Спорт мектебін тексеру туралы Нұр-сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі ресми жауап берді.

"№ 4 Олимпиадалық резерв спорт мектебі жүзу бөлімінің ата-аналар комитеті 2019 жылдың ақпан айынан бері мектептегі оқу-жаттығу процесінің сапасы мен үзіліспен жүргізілетініне алаңдаулы. Осыған байланысты ата-аналар комитеті бірқатар жоғарғы органдарға шағымданған. Алайда спорт мектебінің басшылығы жұмыс тобының сұратқан қызметтік құжаттарын ұсынудан бас тартты.

Президент көмекшісі - Президент әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-сұлтан қаласы әкімдігі бірігіп, шағымданушының барлық атаған дәйектерін 19 наурызға дейін зерделеп, нәтижесін толығырақ мәлімдеуді тапсырды.

Спорт мектебіне қатысты ата-аналар келтірген дәйектерді тексеру мақсатында министрлік, қала әкімдігінің спорт басқармасының өкілдерінен мектепке барып қызметтік тексеріс жасау үшін жұмыс тобы құрылды", - дейді Нұр-сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы.

Әкімдіктің баспасөз қызметі қызметтік тексерістің осы жылдың 10-15 наурыз аралығында өткенін мәлім етті.

"Спорт басқармасының бастамасымен аталған спорт мектебіне қатысты бұдан басқа қызметтік тексеріс өткізілген жоқ", - дейді ведомство.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1904016-bitpeitin-komissiya-astanadagy-olimpiadalyq-rezerv-sport-mektebinin-uzymy-zanaiqaiyn-zetkizdi-video/

pixel