Түркістан қаласының әуежайынан алғашқы халықаралық рейс орындалды
Жарияланған күні:
2021 жылғы 21 наурызда Наурыз мейрамы қарсаңында Елбасының және президентінің тапсырмасымен құрылған алғашқы отандық лоукост әуе тасымалдаушысы Fly Arystan әуе компаниясы Қазақстанның рухани астанасы Түркістан қаласынан Стамбулға алғашқы халықаралық тұрақты рейсті орындады деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
Түркістан және Стамбулға қалалары арасында тұрақты әуе қатынасы аптасына 2 рейспен, жұма және жексенбі күндері А-320 әуе кемесімен орындалады. Кейіннен рейстер саны аптасына 7-ге дейін (күн сайын) көбейеді. Билет құны 39 999 теңгеден басталады. Түркістан – Стамбул алғашқы рейсіне 176 билет сатылды (98%). Алғашқы тұрақты рейс іске қосылған сәттен бастап (2020 жылғы 1 желтоқсан) Түркістан қаласы әуежайынан 80-нен астам рейс орындалып, 23 мыңға жуық жолаушы тасымалданды.
Рейстердің орташа коммерциялық жүктемесі 85% құрады.
Бүгінгі таңда Түркістан қаласы әуежайынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау қалаларына ішкі рейстер орындалуда. Биыл жылдың екінші тоқсанынан бастап түркі әлемінің рухани орталығы ретінде Түркістанды 10 облыс орталығымен (Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Талдықорған, Өскемен) аптасына 53 рейспен байланыстыру жоспарланып отыр. Түркістан қаласының әуежайы шет елдердің әуе компанияларының ұшуы үшін "ашық аспан" режиміне енгізілген.
Бұл ұшу географиясын кеңейту үшін әуежайды тартымды етеді және шетелдік туристерді көптеп тартуға ықпал етеді. Түркістаннан Новосибирскіге (РФ), Бішкекке (Қырғызстан), Ташкентке (Өзбекстан) және т.б. жаңа рейстерді іске қосу жоспарда бар. Рейстер санитарлық – эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компаниясының сайтында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1904320-turkistan-qalasynyn-auezaiynan-algasqy-xalyqaralyq-reis-oryndaldy/