Биыл қазақстандық оқушылар қорытынды емтихан тапсыра ма
Жарияланған күні:
Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова ОКҚ өткен онлайн-брифингте пандемияға байланысты биыл 9-11 сынып оқушылары қорытынды емтихан тапсырудан босатыла ма деген сауалға жауап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
БАҚ өкілдері өткен жылдағыдай 9-11 сынып оқушылары қорытынды аттестациялық емтихандардан босатылуы мүмкін бе деген сауал қойды.
Өз кезегінде Шолпан Каринова биыл қорытынды аттестацияның болатынын айтты.
"9-11 сынып түлектерін үшінші тоқсаннан бастап оқыту туралы шешім 9 сыныптардың да, 11 сыныптардың да емтихан тапсыратынына байланысты қабылданды. Сондықтан біз дайындалып жатырмыз. Оқушылар, мектептер бірыңғай қорытынды емтихандарға дайындалуда.
Бұл емтихандар қажет. Қорытынды аттестация - негізгі мектепті және орта мектепті бітіргендігі туралы куәлік алуға құқық береді. Сол себепті біз биыл қорытынды аттестация болуы керек деп есептейміз. Бүгінде білім және ғылым министрлігінің бұйрығы дайындалып жатыр", - дейді Каринова.
Оның сөзінше, 9 сынып оқушылары үш емтихан тапсырады яғни қазақ және орыс тілдері және математикадан. Ал 11 сынып оқнушылары төрт емтихан тапсырады.
Сонымен бірге вице-министр эпидемиологиялық ахуалға байланысты жеке шешімдер қабылданатынын айта кетті.
Еске сала кетсек, еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың жаңа қаулысы шығып, оған сәйкес, төртінші тоқсанда бітіруші сыныптар пәндердің 70 пайызын штаттық режимде оқитыны белгілі болған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1904895-biyl-qazaqstandyq-oqusylar-qorytyndy-emtixan-tapsyra-ma/