Министр елімізде 1 сәуірден бастап қандай өзгеріс болатынын айтты
Жарияланған күні:
Қазақстанда 1 сәуірден бастап коронавирусқа қарсы вакциналау есептегіші пайда болады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматыда өткен отырыста мәлімдеді деп жазады Sputnik Қазақстан.
"Біз 1 сәуірден бастап вакциналау есептегішін іске қосамыз. Президент әкімшілігінің тапсырмасы бар. Өңірлер бойынша күн сайын коронавирус жұқтырғандардың статистикасына ұқсас есептегіш "ілініп тұрады". Ол біздің сайтта орналасады", - деді Цой.
Есептегіш Қазақстанға қанша вакцина түскенін және қанша адам екпе алғанын көрсетеді.
Елімізде 2021 жылдың соңына дейіін алты миллион адамды вакциналау жоспарланып отыр.
26 наурыздағы мәлімет бойынша, "Спутник V" вакцинасының бірінші компонентін алғандар саны – 110 861, екінші компоненті 25 318 адамға егілді.
Еске сала кетсек, елімізде өткен тәулікте коронавирус жұқтырған тағы 1596 адам тіркелген. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 240 381-ге жетіп отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1905006-ministr-elimizde-1-sauirden-bastap-qandai-ozgeris-bolatynyn-aitty/