Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Үшінші толқын емес": Отандық дәрігерлер Алматыдағы эпидахуалға баға берді

Жарияланған күні:

Көрнекі
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жексенбі күні "Almaty Live" телевизиялық бағдарламасында шаһарда коронавирустың үшінші толқыны жүріп жатыр, деп мәлімдеген еді. Осы орайда Azattyq Rýhy тілшісі қалада қалыптасып отырған жағдайға байланысты тұрақты сарапшылардың пікірін білген.

Алматылық дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаевтың айтуынша, қалада сәуір айының соңында коронавирус жұқтыру жағдайлары бәсеңдейді. Оның сөзінше, билік табандылық танытып, қатаң карантин шараларын ұстанса, адам шығынына жол бермеуге мүмкіндік бар.

"Былтырғы жаздағы жағдай қайталана қоймайды. Қарап отырсақ, былтыр маусым мен шілдеде адамдар екі ай ауырды. Бұл жолы да сондай жағдай қалыптасады. Наурызда басталды, сәуір айының аяғында аяқталады. Себебі карантиндік жағдайлар да былтырғыға ұқсас, қоғамдық тамақтану, адам көп жиналатын жерлерді жапты. Бұл дағдарыстан да шығамыз", - дейді дәрігер.

Мыңжылқы Бердіқожаев қала билігі тарапынан "асыра сілтеушілік" те бар екенін байқағанын жасырмады. Қазір ауру белгісі бар, ауру белгісі жоқ науқастарды да жаппай клиникаларға жатқызу қолға алынған.

Дәрігердің сөзінше, ауырды дегендердің арасында он пайыздайы ғана стационарлық жағдайда ем қабылдаса болады, қалғанын емдеу орындарына жатқызу міндет емес.

Сондай-ақ маманның айтуынша, бұл - үшінші толқын емес.

"Бұл маусымдық асқыну дегенге жақын. Соның уақыты келді. Бұған дейін Еуропа, Ресейде тура осындай жағдай болды. Сол енді бізге келді. Ол жақта керісінше қалыпқа түсіп жатыр. Ол оңтүстік африкалық штам, британиялық штамның жүріп жатқанын айқындайды", - дейді Мыңжылқы Бердіқожаев. 

Елімізде 1987-1993 жылдары денсаулық министрі болған білікті дәрігер, денсаулық саласының үздігі Талапқали Ізмұхамедов те қазіргі жағдайға қатысты пікірін білдірді.

Оның пайымынша, коронавирустың аса қауіпті екені байқалмайды. Керісінше, байбалам мен науқаншылдық басым. Бұл қазіргі мамандардың тәжірибесінің аздығын көрсетеді. Кәдімгі тұмаудан кішкене ғана ерекшелігі бар аурудың бұл түрін жеңуге болады. Зейнеткердің сөзінше, ол үшін әр адам профилактика мен иммунитетіне көңіл бөлсе жеткілікті.  

"Біз дәрігерлер бұл коронавирустың байбалам көтеретіндей қаупін көріп отырған жоқпыз. Біздің тарихта холера, оспа, оба сияқты дерт миллиондаған адамдарды алып кетті. Бұл ондай сипатқа ие емес. Ол тұмау сияқты адамдарға әсер етіп, соның әсерін беріп отыр. Ал өліп жатыр, қырылып жатыр деген статистикаға қарасақ, негізінен үлкен адамдар қайтыс болып жатқанын байқаймыз. Ол - табиғи құбылыс.

Коронавирус бір жылда келіп қалған жоқ. Біз дәрігерлер білеміз, оның ашылғанына 20 жыл болды. Оның 40-тан астам түрі бар. Әр адамның денесінде 10 келі микроб бар. Олармен өмір сүріп жатырмыз. Олар біздің жауымыз емес" ,- дейді бұрынғы министр.  

Талапқали Ізмұхамедов адамзатты түрлі жұқпалы аурудан құтқарған вакцина екенін еске салып, сондықтан халықты екпе салдырудан бас тартпауға шақырды

Зейнеткер жасы сексенге келсе де, "COVID 19" инфекциясына қарсы вакцина салдырғанын айтады. Ол енді екінші компонентін күтіп отыр.

Сонымен қатар дәрігер жұқпалы дерттен сақ болудың қарапайым ережелерін сақтауға, бетперде тағу, иммунитетті көтеретін ас ішу және спортпен айналысуға кеңес береді. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1905181-usinsi-tolqyn-emes-otandyq-darigerler-almatydagy-epidaxualga-baga-berdi/