Елордада карантин күшейтілді: Мейрамхана, бар және дәмханалар қалай жұмыс істейді
Жарияланған күні:
30 наурыздан бастап елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенованың жаңа қаулысына күшіне енеді. Осы орайда қоғамдық тамақтану объектілерінің қалай жұмыс істейтіні белгілі болды деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Жаңа қаулыға сәйкес, елорданың мейрамханалары, кафелері, барлары және дәмханалары жұмыс күндері таңғы 7:00-ден кешкі 22:00-ге дейін жұмыс істей алады.
Демалыс күндері келушілерді қабылдауға тыйым салынады. Тек тамақты жеткізіп беру немесе өзімен бірге алып кету тапсырысы бойынша жұмыс істей алады.
Сонымен қатар қоғамдық тамақтану нысандары санитариялық-профилактикалық іс-шараларды сақтауға міндетті. Орналасқан жеріне қарамастан, ғимараттың толтырылуы 50 пайыздан, орын саны 30-дан аспау қажет.
Сонымен қатар бір үстелдегі адам саны 4-6 қонақтан аспау керек әрі кемінде 2 метр әлеуметтік арақашықтық сақталу тиіс.
Бұл ретте ұжымдық, салтанатты, отбасылық, естелік (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу), мерекелік корпоративтер мен басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге қатаң тыйым салынады.
Жаңа қаулы 2021 жылғы 30 наурызда күшіне енеді.
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан 10 наурыздан бері коронавирустың таралу көрсеткіші бойынша "қызыл аймақта". Күн сайын қалада коронавирус жұқтырған 300-ден астам адам тіркелуде.
Осы орайда мамандар елорда тұрғындары мен қонақтарынан коронавирустың одан әрі өршеуіне жол бермеу үшін санитарлық нормалар мен карантиндік режим талаптарын қатаң сақтауды сұрайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1905235-elordada-karantin-kuseitildi-meiramxana-bar-zane-damxanalar-qalai-zumys-isteidi/