"Балтамен ұрып өлтірген": Шымкентте өртенген көліктен денесі табылған марқұм кәсіпкер болып шықты
Жарияланған күні:
Шымкентте 26 наурыз күні өртенген көліктен денесі табылған марқұмға қатысты жаңа деректер пайда болды. Белгілі болғандай ол 35 жастағы кәсіпкер Аваз Жаналиев болып шықты. Туыстарының айтуынша, оның өліміне қалтасындағы ақша себеп болуы мүмкін деп хабарлайды Астана арнасы.
Ет жақындарының сөзінше, марқұмға 25 млн теңгеге жер сатамын деп күдікті кәсіпкер жігітті балтамен ұрып өлтіріп, кейіннен өртеп жіберген.
35 жастағы Аваз Жаналиевтің анасы, баласын өлтіргенімен қоймай, өртеп жібергені жанымды жегідей жеп барады дейді.
Айтуынша, кәсіпкер ұлы сол күні таңертең жер сатып алуға 2 млн теңгемен шығып кеткен. Алайда хабар болмағасын алаңдап қоңырау соққанмен, күндізгі екіден телефоны сөндірулі болған.
"Құжаттарын сұраған, сол кезде үйде бар деп апарған үйіне кездескен әйел. Сол кезде балтамен баламды ұрыпты. Анасы да арқадан ұрған. Анасы, баласы, келіні үшеуі болған сол жерде", - дейді марқұмның анасы Гүлзада Жаналиева.
Аваздың досының білуінше, жер сатпақ болғандар 25 млн теңгеге келісіп, ақшаны сол сәтте қолма-қол түгел алып келуді қайта-қайта пысықтаған көрінеді.
"Өзі ақша барма қасыңызда ақшаңыз дегенде ол: "бар ақшам, бәрі бар", қасымда дейді. Ол 2 млн деп айтпайды, ақшам бар деп айтады. Ол сол кезде ақшасында ойы болған ақшаны алуға", - дейді марқұмның досы Расулмат Әлімқұлов.
Ал ауыл іргесінде автокөліктің отқа оранғанын сол маңдағы тұрғын байқаған. Шұғыл көмек шақыртқан да сол екен. Түгі қалмай жанған көлікте адам барын кейіннен байқаған.
Досының сөзінше, тергеуге берген түсінігінде күдікті қылмысын мойындаған. Оның жалынға оранған көліктен қашып бара жатқанын жергілікті тұрғындардың бірі байқап қалыпты. Күдікті бейнекамера арқылы табылған.
Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр. Туыстарының білуінше, ұсталған адам бұрын сотты болған.
Ол ұзақ жыл Кореяда жұмыс істеп, елге былтыр ғана оралған. Ал марқұм Аваздың артында аяғы ауыр келіншегі мен бірі он жаста, екіншісі он айлық ұлы қалды.
Автор А. Төребекқызы
КТК арнасының дерегінше, Аваз Жаналиев бірнеше көлік жуу орталығы бар, арнайы техниканы жалға берумен айналысатын кәсіпкер болған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1905244-aldymen-baltamen-uryp-oltirgen-symkentte-ortengen-kolikten-denesi-tabylgan-marqum-kasipker-bolyp-syqty/