Коронавирусқа қарсы вакцинация: Ең жиі қойылатын топ-10 сұрақтың жауабы
Жарияланған күні:
1 ақпаннан бастап Қазақстанда коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация басталды. Осы ретте Strategy2050.kz вакцинациялауға қатысты ең өзекті сұрақтардың жауабын жариялады.
1. Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның қандай түрі егіледі?
2021 жылғы 1 ақпаннан бастап Ресейде шығарылған Гам-КОВИД-Вак "Спутник V" вакцинасы егіле бастады. Алғаш болып алдыңғы шепте коронавируспен күресіп жүрген дәрігерлерге салынды. 15 ақпаннан бастап екпе салу процесіне Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы екінші компонент болып егілуде. 2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап вакцинациялау процесіне отандық өндіріс - "QazCovid-In" препаратын қосу жоспарланған. Қазіргі уақытта бұл вакцина клиникалық тестілеудің соңғы кезеңінен өтіп жатыр.
2. Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина салдыру ерікті түрде жүзеге асырыла ма?
Қазақстанда екпе салдыру әр азаматтың қалауымен жүзеге асады. "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексінің 77-бабына сәйкес кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцинация егілетін адамның тек ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізіледі. Қазақстанда вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделмеген, кез келген қысым көрсету заңсыз.
3. Вакцина алғаннан кейін кері әсері болуы мүмкін бе?
Вакцина салынғаннан кейін салдыруша емханада 30 минут дәрігердің бақылауында болады. Әрі вакцина салудан бұрын адамның аллергиялық реакциясын тексеріп алады. Осы күнге дейін екпе салдырған азаматтардың ішінде кері әсер алған болмаған. Адам ағзасы кез келген вакцинадан соң иммунитет қалыптастырады. Иммундаудан кейін дене температурасының қысқа мерзімді жоғарылауы, вакцина орнында қызару мен ісіну сияқты жағымсыз көріністердің пайда болатынын атап айту маңызды.
4. Егер кері әсері бола қалған жағдайда бұған кім жауап береді?
Денсаулық сақтау министрлігі вакцина әсеріне шағым түсірген әрбір жағдайды мұқият тексереді. Мұндай жағдайларды тексеру үшін әр облыста, ауданда, елді-мекенде арнайы комиссиялар құрылды. Жалпы вакцинаның өндірілуі, жеткізілуі, ем-шара бөлмелерінде салынуы Денсаулық сақтау министрлігінің қатаң бақылауында.
5. Балалар мен қарт кісілер коронавирусқа қарсы вакцина салдыра ала ма?
Вакцина 18 жастан асқан азаматтарға салынады. Бұған дейін 65 жастан асқан қарттарға екпе салынуға тыйым салынған. Жақында денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері созылмалы ауруы болмаса, 65 жастан асқан кісілерге салуға болатынын мәлімдеді.
6. Вакцина кімдер үшін қауіпті?
18 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдерге болмайды. Ауыр аллергиясы барларға, бүйрек пен бауырдың созылмалы ауруларына шалдыққандарға, қант диабеті барларға, эпилепсияға шалдыққандарға, қатерлі ісікпен ауыратындарға, инсульт алғандарға, жүрек-қан тамыр ауруына шалдыққандарға, иммунтапшылығына шалдыққандарға, астмамен ауыратындарға, өкпесі ауыратындарға екпе салынбайды.
7. Екпе салу процесі қалай жүргізіледі?
Екпе алушының иығынан жіберіледі. Екі доза мөлшері қажет. Алдымен 0,5 мл бірінші доза салынып, арада 19-23 күн өткенде тағы 0,5 мл салынады. Алдымен медбике дене қызуын, сатураци, қан қысымын, жүректі, ауыз қуысын тексеруі тиіс. Егер адамның ыстығы 37 градустан жоғары болса екпе салынбайды. Екпенің бір флаконында 3 мл доза болады. Бір флакон бес адамға салуға жетеді. Екпенің сырты бүлінсе қолдануға болмайды.
8. "Спутник V" вакцинасы толық тексеруден өтті ме?
Бұл вакцина клиникалық тексерудің барлық кезеңінен өтті және тиімділігін көрсетті. Ресей Федерациясында мемлекеттік тіркеуден өтті және бірнеше ай бойы халықтың осал топтарын иммундау үшін қолданылып келеді. Ресей Федерациясының Тікелей инвестициялар қорының мәліметтері бойынша бұл вакцинаны сатып алуға 50-ге жуық мемлекет өтініш берген, ал кейбір елдер қазірдің өзінде оны сәтті қолдануда. Қазақстан үкіметінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №850 қаулысымен елде өндірілген COVID-19 коронавирусына қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу ережелері бекітілді.
9. "Спутник V" неге екі рет салынады? Екі компоненттің айырмашылығы неде?
Вакцинаның бірінші компоненті - Ресейде өндірілген, екіншісі – Қарағандыда жасалған. Екеуі бірдей әсер етеді. Ресейде өндірілген "Спутник V" вакцинасы және Қарағанды фармзауытында шығарылған вакцина – бірдей субстанция. Оны растайтын құжаттар бар, оны өндіру бойынша да. Зерттеудің сипаттамалары мен параметрлері бірдей. Әрбір партия Қазақстан ішінде өндірілгеннен кейін РФ-да қауіпсіздікке қосымша тексеруден өтеді. Құтылардан бастап, құрамындағы субстанция, құю желісі де бірдей.
10. Вакцина салдырған соң сақтық шараларын сақтамауға бола ма?
Вакцинациядан кейін де маска киіп, қол гигиенасын, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау керек. Сақтық шараларын адамдар жаппай вакцина алып, қоғамда ұжымдық иммунитет қалыптасқанға дейін жалғастыруға тура келеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1906076-koronavirusqa-qarsy-vakcinaciya-en-zii-qoiylatyn-top-10-suraqtyn-zauaby/