RU

"Кешке дейін қарның ашпайды": Диетолог ораза кезінде қалай тамақтану керектігін айтты

Көрнекі
Көрнекі фото: pexels.com

Әлеуметтік желіде кеңінен танылған диетолог Нұрила Азизқызы қасиетті Рамазан айында ораза тұтатын жандарды дұрыс тамақтануға шақырды. Оның айтуынша, күні бойы аш жүріп, кешке апыл-ғұпыл тамақ жеу асқазанға күш түсіріп қана қоймай, денсаулықтың нашарлауына алып келуі мүмкін. Сондықтан, ауыз бекіту және ауыз ашу кезінде пайдалы әрі құнарлы тағамдар жеген дұрыс. KAZ.NUR.KZ Ораза қарсаңында маман кеңесін назарларыңызға ұсынады.

"Ораза кезінде күні бойы тамақсыз жүру көптеген жанға ауыр соғатыны сөзсіз. Ал егер ораза кезінде дұрыс тамақтанатын болсаңыз, күніңіз жеңіл және қандай да бір стрессіз өтеді. Артық желінген тамақ пен артық салмақ сізге тек кері әсерін ғана тигізеді. Сәресінен ауыз ашқанға дейін аш жүретіндіктен, қандағы глюкозаның деңгейі төмендеп кетеді. Егер тамаққа бірден тойып алсаңыз, үлкен көлемдегі калория организмге көп күш түсіреді. Сондықтан, тағы да қайталап айтамын, дұрыс тамақтану керек", - дейді диетолог.

Осы орайда, Нұрила Азизқызы ауыз бекіткенде және ауыз ашқанда қандай пайдалы тағамдар жеу керектігін айтты.

"Алдымен судың нормасын есептейміз. Бұл жерде норманы 20 пайызға дейін азайтуға болады. Бұрын салмағымызды отызға көбейтсек, енді жиырмаға көбейтеміз. Мәселен, 50*20=1000. Демек, бір литр жетеді. Көпшілік сәресіне тұра алмай, тек сумен жауып жатады. Бұл барлық жағынан дұрыс емес. Егер ораза тұтатын болсаңыз, сәресіне 30 минут бұрын тұрып, бір стакан жылы су ішкен дұрыс.

Ауыз бекіткен кездегі тамақтар күрделі көмірсу және пайдалы майдан тұрса, кешке дейін тоқ жүресіз. Өзімізді энергиямен қамтып, күнімізді жеңіл өткіземіз. Өйткені, күрделі көмірсудан құралатын тағамдарды қорытуға 8-9 сағат өтеді. Күрделі көмірсуларға жарма түрлері, яғни, қарақұмық, арпа жармасы, талқан, тары, тұтас дәнді нандар жатады. Оның қасына грек жаңғағы, күнжіт, авакадо, кешью, миндаль сияқты пайдалы майларды қосқан жөн. Тәттіден бал, құрма, мейіз, өрік, қауын жеген пайдалы", - дейді диетолог.

Маман ораза тұтушыларды ауыз ашқан соң бірден бас салып, тамақ жемеуге шақырды.

"Кешке дейін аш жүріп, кешкісін тамаққа тойып алғанның асқазан, ішек жолдарына түсіретін салмағы көп. Ас дұрыс қорытылмағасын ауруға ұшырауымыз мүмкін. Сондықтан, ауыз ашарда бір стакан жылы су ішіп, 30 минуттан кейін ғана асықпай тамақ жеңіз. Ыстық тамаққа ақуыз бен жасұнықтан (клечатка) жасалған тағамдарды ішкен өте пайдалы.

Еттің кез келген түрі мен сүт тағамдары ақуызға жатады. Бұл жерде қойдың етінен бас тартуға кеңес беремін. Ал жасұныққа негізінен көкөністер жатады. Тамақтанып болған соң өзіміздің салмағымызға сай су ішіп, екі сағаттан кейін жүрек жалғауға болады. Жеңіл салат, қышқыл сүт тағамдары мен жеміс-жидек деген өте пайдалы", - дейді Нұрила Азизқызы. ⠀

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1907348-keske-deiin-qarnyn-aspaidy-dietolog-oraza-kezinde-qalai-tamaqtanu-kerektigin-aitty/