Коронавирусқа қарсы вакцина салдырғандарға еңбекке жарамсыздық парағы беріле ме
Жарияланған күні:
№4 Алматы қалалық емханасының мониторинг және талдау бөлімінің басшысы Гүлжан Қартаева онлайн брифинг барысында COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың өзекті мәселелері туралы баяндады деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Денсаулық сақтау басқармасының өкілі вакцинациядан кейін жанама әсерлер пайда болған жағдайда, а заматтар емханаға хабарласуы қажет екенін атап өтті. Ол жерде уақытша еңбекке жарамсыздық парағын ашып береді
"Егер вакцина салынғаннан кейін пациенттің температурасы көтерілсе, онда ол еңбекке жарамсыздық парағын алуға құқылы", - деді Гүлжан Қартаева.
Оған вакцинаның бір компонентін Алматыда, екіншісін Нұр-Сұлтан қаласында жүрген жерінен салдыруға бола ма деген сауал қойылды.
"Егер адам бірінші компонентін Алматыда салдырса, екіншісінде сол жерде ғана салдыра алады. Ол Нұр-Сұлтан қаласында вакцинаның екінші компонентін салдыра алмайды", - дейді спикер.
Алматы қаласы бойынша 2021 жылғы ақпан айының 1-нен сәуір айының 15 аралығында барлығы 108 069 адам вакцина алған.
Кеше – 10 924 адамға вакцина салдырыпты. Оның ішінде 9 985 құқық қорғау органдарының қызметкері, 11 178 – мұғалім, 13 951 – медицина қызметкері, басқа санаттағылар арасында - созылмалы аурулары бар науқастар мен тіркелген тұрғындар.
"Бүгінгі таңда Алматыда 203 пункт жұмыс істейді, онда 1 809 медицина қызметкері бар 406 егу бригадасы жұмыс істейді, дәрігерлерге еріктілер көмектеседі. ЖОО мен колледждерде мамандар 91 емхананың егу пункттерінде, сауда-ойын-сауық орталықтарында және қаламыздағы базарларында жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 364 білім алушы интерндер мен резиденттер жұмыс істеуде. Барлығы 975 адам оқытылды", - деді Гүлжан Қартаева.
Сонымен қатар, ол алтыншы транш бойынша сәуірдің 13 күні қалаға вакцинаның 65 290 дозасы жеткізілгенін айтты. Қазір вакцинаның қалдығы 68 330 дозаны құрайды. Вакцинаның келесі траншы - 34 900 мың доза сәуірдің 23 күні келеді деп күтілуде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1908135-koronavirusqa-qarsy-vakcina-saldyrgandarga-enbekke-zaramsyzdyq-paragy-berile-me/