"Аңсаған сәби": ЭКҰ-ға жолдама алу үшін не істеу керек
Жарияланған күні:
Елордада "Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында биыл бөлінген 486 квотаның 276-сы бойынша пациенттер ана болуға дайындалуда. Бұл туралы "Әлеуметтік медициналалық сақтандыру қоры" КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметінен мәлім болды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ЭКҰ бағдарламасын 2018 жылдан қаржыландырып келеді, 2018 жылы ТМККК аясында 902 цикл, 2019 жылы да осы көлемде қаржыландырылды. Өткен жылы 1105 ЭКҰ қызметі көрсетілді. Биыл жасанды ұрықтандыру шараларын жасауға бөлінетін квота саны 2020 жылмен салыстырғанда 7 есе өсті. 2021 жылы Медициналық сақтандыру қоры алдын ала 6,2 млрд теңге сомасына 7000 экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) циклын қаржыландыруды жоспарлаған болатын. Биыл елордаға 486 квота бөлінді", – делінген хабарламада.
ДДСҰ мәліметтері бойынша, репродуктивті технологияны қолдану арқылы жүргізілген шаралар нәтижесінде 45-60 пайыз жағдайда әйелдер бала көтереді. Біздің елімізде ЭКҰ жүргізу тиімділігі орта есеппен 15%-дан 42% -ға дейін өсті. Бала туу (take baby home) фактісі бойынша емдеу тиімділігінің көрсеткіші 30% деңгейінде, бұл еуропалық ең жақсы деген клиникалардың көрсеткішіне сәйкес келеді.
Қазақстанда ЭКҰ бағдарламасына 2021 жылы бөлінген квота саны 7000-ға дейін көбейді. Бұл квота беру көрсеткіштерін кеңейтуге, оларды алу кезегінің азаюына мүмкіндік береді. Бүгінде елімізде 11030 әйел бедеулікпен есепте тұр.
"Нұр-Сұлтан қаласында бедеулік бойынша есепте тұрғандар саны – 1331. Біздің әйел денсаулығы бөлімшесі Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ҚРТ көрсету – ЭКҰ-ға дайындау жөніндегі үйлестіру орталығы болып саналады. Биылға елордаға 486 квота бөлінді. Қазіргі уақытта 276 квота беріліп, пациенттер дайындалуда. Осы жылы бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары бұрын есепке тұрмаған және жеке медицина орталықтарына қаралған бедеулік көрсеткіштері бар пациенттерді анықтап, белсенді жұмыс жүргізуде", - дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 қалалық көпбейінді аурухана директорының амбулаториялық қызмет жөніндегі орынбасары Сәуле Ибраева.
ЭКҰ үшін кімдер өтініш бере алады?
Бұл емшара терапиялық жолмен емдеу нәтиже бермейтін бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. ЭКҰ-ға отбасылық жұптар да, жеке адам да қатыса алады. Міндетті түрде үміткердің ерікті жазбаша келісімі болуы керек. Сондай-ақ, Қазақстан азаматы болуы және Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық параметрлерге репродуктивті жасы (18-ден 42 жасқа дейін), қалыпты соматикалық және эндокриндік мәртебелері, жеткілікті овариалды резерві сәйкес келуі қажет.
Жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық ауытқулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез-келген локализация онкологиясы болған жағдайларда ғана мамандар науқасты экстракорпоральды ұрықтандырудан бас тартуы мүмкін.
ЭКҰ-ға жолдама алу үшін не істеу керек?
ЭКҰ-ға жолдама алу үшін алдымен тіркелген жері бойынша емханаға бару қажет. Ұйым мамандары пациентті бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тіркеліміне қосады және бірқатар тексерулер тағайындайды. 12 ай ішінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымы, яғни емхана бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Оң шешім қабылданған жағдайда, әйелді "Емдеуге жатқызу бюросы" порталына тіркеп, емшараға дайындай бастайды. Пациент экстракорпоралды ұрықтандыру үшін клиниканы өз бетінше таңдауға құқылы.
МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады. МӘМС жүйесінде ЭКҰ емшарасын жасар алдында ерлі-зайыптыларды тексеру тізбеге сәйкес жүзеге асырылады. МӘМС жүйесінде ЭКҰ – циклдің базалық бағдарламасы қарастырылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1908693-ansagan-sabi-eku-ga-zoldama-alu-usin-ne-isteu-kerek/