Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазағымның жерін сағындым": Германияға көшкен неміс отбасы елге қайтып оралды

Жарияланған күні:

Владимир Тауберт
Владимир Тауберт. Видеодағы кадр: "Хабар 24" арнасы

Осыдан біраз жыл бұрын Қарағандыдан Германияға қоныс аударған Владимир Тауберт елге қайтып оралды деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.

Қазақтың кең пейілі мен ұлан-ғайыр даласын сағыныпты. Кезінде ата-бабасы Қазақстанға жер аударылып келген екен. Владимир қазір жылқы баптап, мал шаруашылығын дөңгелетіп отыр.

Алты жасынан аттың бауырында өскен ол тұлпарды тұяғынан таниды. Дәл осындай асыл тұқымды 4 жылқысы бар. Германияда өткен 4 жылында өз елін, яғни қазақ даласын сағынғанын айтады.

"Германияда біз бір үйге қамалдық та қалдық. Еркіндік жоқ. "Өз үйім – өлең төсегім" дегенді сол кезде ұқтым. Қазағымның жерінде өзімді еркін әрі рахат сезінемін. 4 жылға жуық уақыт тұрдық та, әйеліме "елге қайтайық" дедім. Оның да күткені сол екен, қуана келісті. Германиядағы туыстарымыз аң-таң боп қалды, біз нағыз көшпенділер сияқты, жиналдық та көшіп кеттік", – дейді Ошағанды ауылының тұрғыны Владимир Тауберт.

Владимирден кейін жалғыз ұлы да елге қайта оралады. Бүгінде жол бойындағы асханасы мен мал өсіріп, онға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.

"Қайтып айтарымды да білмеймін. Ішімде бір сағыныш тұрып алды. Германияның маған климаты да, ауасы да жақты. Бірақ үйге қайтқым келді де тұрды. Барлық туыстарым сол жақта аң-таң болып қалды. Германияға тек қонаққа баруға болады, бірақ өмір сүру үшін Қазақстан жақсы", – дейді Владимирдің жары Эльвира Тауберт.

Ошағанды ауылының іргесі 1908 жылы неміс босқындары келе бастаған кезде құрылған. Қазір мұнда 500-ге жуық түтін бар. Жақында көшелерге жарық шамдар тартылып, су құбыры салынған. Владимир болса, ауылда қаңырап қалған тағы бірқатар нысандарды жөндеп, қонақ үй ашпақ. Осылайша, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуды қалап отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910755-qazagymnyn-zerin-sagyndym-germaniyaga-kosken-nemis-otbasy-elge-qaityp-oraldy/