БАҚ: Қазан мектебіндегі мұғалім кеудесін оққа тосып, оқушыларды құтқармақ болған
Жарияланған күні:
Қазандағы мектепте болған қырғынның құрбаны - ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, 25 жастағы Эльвира Игнатьева өмірінің соңғы сәтінде оқушыларды құтқарып қалмақ болған. Бұл туралы оқиға куәгерлері айтып берді.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, оққа ұшып, қайтыс болғандардың арасында жеті бала мен екі ересек адам бар, тағы 21 адам түрлі жарақаттар алған деп жазады ТАСС.
Оқиға құрбандарының бірі 25 жастағы мұғалім Эльвира Игнатьева қаскөй оқ жаудырған сәтте мектеп дәлізінде болған екен.
"Бұл оқиғадан кейін мектептің би мұғалімі Алина Федоровичеваның қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады, бірақ шын мәнінде ол зардап шекпеген. Оққа ұшқан әйел - бесінші сыныпқа ағылшын тілі пәнінен сабақ беретін Эльвира Игнатьева. Ол дәлізге шыққан сәтінде мерт болды", - дейді атыс болған мектеп әкімшілігінің өкілі.
Құқық қорғау органдарының мәліметіне сәйкес, Игнатьева қайтыс болар алдында оқушыларды құтқаруға тырысып, ажал құшқан.
"Алдын ала мәліметтер бойынша, Игнатьева оқушылардың бірін құтқаруға тырысқан, бұл туралы қайғылы оқиғаның куәгерлері айтуда. Ол баланы оқ жаудырған азаматтан аулақ жерге итеріп жіберіп, жігіттің жолында тұрып, баланы оқтан көлегейлеген. Игнатьеваның алған жарақаты тым ауыр болып, ол көз жұмды", - дейді құқыққорғаушы орган өкілдері.
Әйелдің бұл мектепте 4 жыл бойы сабақ беріп келгені анықталып отыр. Ол 2018 жылы "Жыл мұғалімі" байқауында екінші орын иеленген. Эльвираның Instagram парақшасындағы соңғы жазба 5 күн бұрын жарияланған. Көпшілігі оның жақындарына көңіл айтуда.
Агенттіктің хабарлауынша, Игнатьева мектепке жұмысқа орналасқан жылы оқ жаудырған азамат мектептегі оқуын бітірген. Демек, Игнатьева оған сабақ бермеген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912052-baq-qazan-mektebindegi-mugalim-keudesin-oqqa-tosyp-oqusylardy-qutqarmaq-bolgan/