Грузияда қаза тапқан қазақстандықтың денесі Нұр-Сұлтанға жеткізілді
Жарияланған күні:
Грузияда қайтыс болған Әсел Айтпаеваның денесі Қазақстанға жеткізілді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Хабар 24 арнасының мәліметінше, Нұр-Сұлтан әуежайында марқұмның денесі туыстарына тапсырылған.
Әсел Айтпаеваны жерлеу рәсімі 12 мамырда елорда жанындағы Қабанбай батыр ауылында өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін 26 жастағы қазақстандық Әсел Айтпаеваның Грузияда жұмбақ жағдайда қайтыс болғанын жазған едік.
Кейінірек еліміздің сырты істер министрлігі қайғылы жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Грузияның құқық қорғау органдары біздің елшілікке берген ақпаратқа сәйкес, биылғы 5 мамырда Тбилиси қаласындағы бір үйдің терезелерінің астынан Қазақстан азаматының денесі табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, аталған қыз 9-қабаттан құлап мерт болған", - делінген ведомствоның хабарламасында.
Осыдан соң Грузияның бас прокуратурасы да аталған оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
Қадағалау органы таратқан ақпаратқа сәйкес, 5 мамырда күдікті қызды өлтіремін деп қорқытқан. Сосын зорлап тастады.
"Жәбір көрген қыз ауыр психикалық соққы алған. Ол өз-өзіне қол салды", - дейді тергеушілер.
6 мамырда қазақ қызының өліміне қатысы бар деген күдікпен ер адам ұсталды. Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Күдіктіге зорлау және адамның ар-намысын кемсіту арқылы өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу сияқты айыптар тағылып отыр. Оның кінәсі дәлелденсе, 8-10 жылға дейін сотталуы мүмкін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1912123-gruziyada-qaza-tapqan-qazaqstandyqtyn-denesi-nur-sultanga-zetkizildi/