Әсел Айтпаеваның өлімі: БАҚ күдікті жауабының көшірмесін жариялады
Жарияланған күні:
Грузияда жұмбақ жағдайда көз жұмған қазақстандық Әсел Айтпаеваның өлімі туралы тың деректер шықты. Оның қазасына кінәсі бар деген күдікке ілінген Бесик Тордуаның тергеушілерге не дегені БАҚ беттерінде жарық көрді деп хабарлайды ekhokavkaza.com.
Жауап алу кезінде күдікті Бесик Тордуа қазақстандық серіктесімен бірге сәуір айының басында "Қазтрансавто" компаниясын құрғанын айтты. Оның сөзінше, Әсел жездесі Мұрат Мейірбековтің шақыруымен 27 сәуірде Грузияға келіп, соның үйінде қоныстаныпты. Ал 30 сәуір күні Тордуаға өзін жездесі екі рет зорлағанын жеткізіпті-мыс.
Күдікті бұл оқиғаны естіген соң Әселді өз үйіне қоныстануға шақырғанын айтады. Сөзінше, Әсел болған жағдайға алаңдап, бірнеше күн бөлмеден шықпаған екен.
Одан бөлек, Тордуа 4 мамыр күні марқұм екеуінің арасында өзара келісім бойынша жыныстық қатынас болғанын айтып отыр. Ол жуынатын бөлмеден шыққан уақытта Әсел пәтерде болмады, дейді.
"Мен не болғанын түсінбегендіктен үрейлене бастадым. Тез арада балконға жүгіріп барып, төмен қарасам, Әселдің денесі ғимараттың астында жатты. Ол кездейсоқ құлап кетті ме, әлде секіріп кетті ме, мұны нақты айта алмаймын. Бұл мен үшін шок жағдай болды. Бірден киініп алдым. Барлығы бірнеше секундта орын алды. Менің басыма Әселмен жыныстық қатынасқа түскендіктен, қайғылы оқиғағаның күдіктісіне айналуым мүмкін деген ой келді. Сонда да есімді жинап, ол мүмкін тірі шығар деген оймен төменге түстім. Алайда Әселдің денесі биік қоршаудың арғы жағында жатқандықтан, тез жете алғаным жоқ. Мен Әселді шақырмадым.
Ол сөйледі ме, көмек сұрады ма, соны білу үшін құлаған жерге жақындадым. Онда 2 минуттай болып, ештеңе естіген жоқпын", - деді күдікті.
Осыдан кейін Тордуа үйіне оралып, заттарын жинап, Зугдиди қаласына кету туралы шешім қабылдағанын мойындады. Ол қызды қорқытпадым, қорламадым, физикалық күш қолданбадым деп сендіріп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, 5 мамырда 26 жастағы қазақстандық Әсел Айтпаева Тбилисидегі үйлердің бірінің терезесі маңынан өлі күйінде табылған еді.
Кейінірек Грузияның 57 жастағы азаматы қамауға алынды. Елдің бас прокуратурасы оған қызды зорлап, өзін-өзі өлтіруге итермеледі деген айып таққан. Егер оның кінәсі дәлелденсе, онда ол алдағы 10 жылын колонияда өткізуі мүмкін.
Желіде марқұм мен күдіктінің арасындағы сөйлесудің жазбасы пайда болды. Жазбада ер адамның қызға қоқан-лоққы көрсетіп жатқанын естуге болады.
Дегенмен күдіктінің қорғаушысы бұл айыптаулармен келіспейтінін айтып, мәлімдеме жасады. Адвокат Лаша Шукакидзенің сөзінше, күдікті марқұммен жақсы қарым-қатынаста болған. Тіпті ол екеуінің үйленбек болғанын айтқан еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912565-gruziyadagy-qazaqstandyq-qyzdyn-olimine-kudikti-azamat-oz-syndygyn-aitty/