Әсел Айтбаеваны Грузияға шақырған Мейірбеков қамауға алынды
Жарияланған күні:
Қазақстандық полицейлер Грузияда қайтыс болған Әсел Айтбаеваның ата-анасының Бас прокуратураға жазған арызынан соң бойжеткенді шетелге жұмысқа шақырған туысы Мұрат Мейірбековті "Адам саудасы" бабымен қамауға алды деп хабарлайды КТК арнасы.
Енді Грузияға бойжеткеннің өлімін жан-жақты зерттеуге тергеу тобы жіберілмек.
"Халықаралық келісімдерге сәйкес, таяу арада ішкі істер министрлігі Грузияға жедел тергеу тобын жібереді. Міндеті – қайғылы жайттың барлық мән-жайын зерделеу және грузин тарапымен сотқа дейінгі тергеу материалдары бойынша ақпарат алмасу", - дейді Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз.
Әсел Айтбаеваның анасы Айсұлу болса, Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментіне шақырылды. Адвокатымен бірге ол шетелге кеткен қызы туралы жан-жақты мәлімет беріпті. Дегенмен Айсұлу Айтбаеваны Мұрат Мейірбековке тағылған айып қанағаттандырмай отыр екен. Марқұмның анасы оны Грузияға депортациялау керек деп санайды.
Алайда біздегі заңға сәйкес, күдікті шетелде де, өз отанында да қылмысқа барса, ол жазасын туған жерінде өтеуі тиіс. Бір жағынан Қазақстан өз азаматын шетелдік полицейлерге оңай бере салмайды екен.
26 жастағы Әсел Айтбаева 5-мамырда көз жұмған. Грузия прокуратурасы бойжеткен өзіне қол салған болуы мүмкін деген болжам айтты. Алайда Әсел Айтбаеваның жақындары бұған сенбейді.
Марқұмның құрбысы Ольга да Әселдің Грузиядағы жұмысқа қалай шақырылғанын айтып берді.
"Таңғы алтыда маған телефон шалып тұрғызып алды."Қуанышты жаңалығым бар, Грузияға барамын" деді. Шетелге кетерде ватсап арқылы жұмыс беруші Мұратпен бейнебайланысқа шыққан еді. Сонда Мұрат: "сіз біз іздеген адамсыз, бұған дейін хабарласқан қыздарға көңіліміз толмаған, мен сізге ғашық болып қалдым" депті. Әсел оны басқаша түсінгендей. Ол Грузияға туысы болған соң, сеніммен кетті", - дейді Әсел Айтбаеваның құрбысы Ольга.
Дереккөз: КТК
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1912955-asel-aitbaevany-gruziyaga-saqyrgan-meiirbekov-qamauga-alyndy/