RU

Алматыда автобус қағып кеткен әйел оқиға орнында көз жұмды

Автобус
Кадр: chp_kz

Алматыда 46 жастағы әйелді автобус қағып кетті. Зардап шегуші оқиға орнында көз жұмды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жол апаты туралы ақпарат пен видео әлеуметтік желіге тарап кеткен.

"БаТу Транс" тасымалдаушы компания мәліметінше, адам өліміне әкеп соққан жол апаты 19 мамыр күні таңғы сағат 6:20-да болған.

"№208 автобустың жүргізушісі Жангелдин көшесімен солтүстік бағытта келе жатып Пестковский көшесінің қиылысында жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқан 1975 жылы туған әйелді қағып кетті. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында мерт болды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда", - деп хабарлады "БаТу Транс" ЖШС.

Еске салсақ, бұған дейін Павлодар қаласының орталығында жол апаты болғанын жазған едік. Автобус жүргізушісі көлікті басқара алмай, қарсы жолаққа шығып кеткен. Содан соң жиектастарды бұзып, жарық бағаны мен ақпараттық белгілерді қағып, жарнама тақтасына соғылған.

"Жол-көлік оқиғасы салдарынан 8 адам зардап шекті, оның ішінде екі бала бар – 6 және 15 жаста. Ешқандай ауыр жарақат жоқ. Жарақат алған 7 адам ауруханаға жатқызылды, біреуі бас тартты", – деп хабарлады Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Облыстық полиция департаменті автобусты 44 жастағы жүргізуші басқарғанын хабарлады. Куәландыру деректеріне сәйкес, жүргізуші мас күйде болмаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913237-almatyda-zayau-zurginsini-avtobus-qagyp-mert-qyldy/