ШҚО-да жоғалған 9 жасар қыз баланың оқиғасы бүкіл ауылды дүрліктірді
Жарияланған күні:
Шығыс Қазақстан облысында шкаф ішінде ұйықтап жатқан 9 жасар қызды полиция қызметкерлері мен бүкіл ауыл төрт сағат бойы шарқ ұрып іздеді деп хабарлайды жергілікті YK-news.kz басылымына сілтеме жасаған Sputnik Қазақстан.
Қыз бала өткен демалыста Алтай аймағындағы Маяк ауылындағы туыстарына қыдырып келген. Түстен кейін достарымен ойнауға кеткен қызды жақындары таппай қалады. Әжесі оған қоңырау шалғанда телефоны сөндірулі болғандықтан, туыстары үрейленіп, оны іздей бастайды. Оның қайда екенін достары да білмеген.
"Біз бүкіл ауылды, барлық үйді айналып, шарқ ұрып іздеп шықтық. Нәтиже болмаған соң, полицияға жүгіндік", – дейді қыздың әжесі Татьяна Выходцева.
Ал Алтай аудандық полиция бөлімі хабар түскен бетте-ақ тұтас жеке құрамды "Дабыл" белгісі бойынша көтерген. Полицейлер өзен жағалауы мен қараусыз қалған ғимараттар мен құдықтарды қарап шыққан. Кешке қарай іздеу жұмыстарына әкімдік пен мектеп қызметкерлері және еріктілер де қосылды.
Қыз баланы іздеуге ниетті адамдар көптеп жиналған сәтте жоғалған қыздың атасы полицияға телефон шалып, немересін шкаф ішінде ұйықтап жатқан жерінен тапқанын айтқан.
Ол ойыннан үйге кеш қайтқаны үшін жазаланудан қорқып, шкаф ішіне тығылып ұйықтап қалған екен.
Еске салсақ, бұған дейін Қызылордада әжесі таксиге мінгізіп жіберген 7 жасар жеткіншек жоғалып кеткені туралы жазған едік. Абырой болғанда, ол да көп ұзамай аман-есен табылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913443-sqo-da-zogalgan-9-zasar-qyz-balanyn-oqigasy-bukil-auyldy-durliktirdi/