Мұғалімге гүл сыйлау жемқорлық па: Асхат Аймағамбетов жауап берді
Жарияланған күні:
Мұғалімге гүл сыйлау жемқорлық ретінде санала ма? Бұл сауалға Қазақстанның білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жауап берді деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отандық телеарналардың біріне берген сұқбат барысында білім және ғылым министрі соңғы қоңырау жақындаған сәтте әлеуметтік желіде «мұғалімдерге гүл сыйлау жемқорлық саналады» деген сынды пікірлердің өршіп кетуіне байланысты пікір білдірді.
«Мұғалімдерге гүл сыйлау жемқорлық деп саналады... Олай санайтын кім? Біз оны жемқорлық деп есептемейміз. Сондықтан да ненің жемқорлық, ненің жемқорлық емес екендігін нақты ажырата білуіміз керек. Бала бірінші сынып табалдырығын аттаған кезде ұстазына гүл сыйласа, онда бұл жемқорлық емес», - деді Асхат Аймағамбетов.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Қазақстанның сенат депутаттары мектеп кітапханаларында жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысын арттыру мәселесін көтерген болатын.
Бұл ретте білім және ғылым министрі бүгінде мектеп кітапханаларында 13,5 мың адам жұмыс істейтінін атап өтті.
Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, олардың барлығы білім қызметкерлері болып саналады. Сол себепті мәдениет саласындағы кітапханашылардың жалақысын арттыру шараларына ілікпей қалды, деп түсіндірді министр.
"Білім саласында қызмет ететін 13,5 мың кітапханашының жалақысы мәдениет саласындағы әріптестерімен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Ал жұмыс мазмұны бірдей және өзіңіз білесіздер, әсіресе, шалғайдағы елді мекендерде жалғыз кітапхана ғана жұмыс істейді, ол оқушыларды ғана емес, барлық тұрғынды кітаппен қамтамасыз етеді", - дейді Аймағамбетов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1913910-mugalimge-gul-syilau-zemqorlyq-pa-asxat-aimagambetov-zauap-berdi/