Амандық Баталов: Биыл тұрғындардың 61 пайызының табиғи газға қосылуына мүмкіндік туады
Жарияланған күні:
Өткен жылы облыс тұрғындарының 59%-іне, яғни 1,2 млн адамның газға қосылуына мүмкіндігі туғызылды. Биылғы жылы тағы 23 елді мекенде осындай жағдай жасалып, көрсеткіш 61% жетеді.
Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг кезінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысының айтуынша, әзірге көгілдір отын жеткізілмеген бес аудан қалды:
«Осы аудандарды газдандыру үшін «Талдықорған - Үшарал», «Шелек-Кеген» магистралды газ құбыры құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын аяқтаймыз. Құрылыс жұмыстары келесі жылдан басталады», - деді Баталов.
Сол сияқты спикер орталықтандырылған ауыз сумен қамту деңгейі республика бойынша алдыңғы қатарда екенін тілге тиек етті, яғни 98,3%, бұл 678 елді мекен қамтылды деген сөз.
Биылғы жылы 7 ауылға су құбырын жүргізу есебінен бұл көрсеткіш 99,5% жеткізіледі, сол сияқты 11 ауылда ауыз су сапасы жақсартылады.
Баяндамашының сөзіне сүйенсек, жылдан жылға жол сапасы да жақсарып келеді, қазіргі кезде жақсы және қанағаттарлық жағдайдағы жергілікті маңыздағы жолдардың үлесі - 84%.
Биылғы жылы 385 елді мекенде облыстық маңыздағы және ауылішілік 332 км жол жөнделеді, оған 33 млрд теңге бөлінді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914679-amandyq-batalov-biyl-turgyndardyn-61-paiyzynyn-tabigi-gazga-qosyluyna-mumkindik-tuady/