Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Вакцинадан кейін аяқ-қолы тартылып қалды": Желіде тараған видеоға тиісті мекеме пікір білдірді

Жарияланған күні:

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Әлеуметтік желіде вакцина алғаннан кейін аяқ-қолы тартылып, тырысып қалған әйелдің видеосы тарады. Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев көпшіліктің талқысына түскен роликке пікір білдірді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Нариман Табынбаев бұл жағдайдың тіркелгенін, алайда оның вакцинаға қатысы бар-жоғы әлі анықталмағанын жеткізді.

"Мұндай жағдай болды. Ол біздің мекеменің қызметкері, акушер. Перинатология және балалар кардиохирургия орталығына бес ай бұрын жұмысқа орналасқан. Вакцинаны 29 сәуірде салдырған. Құрысу симптоматикасы болып, емханаға жүгінген. Соңғы рет №7 ауруханаға барып қаралған, факт расталды. Оған көмек көрсетіліп, үйіне жіберілді. Бұның вакцинаға қаншалықты қатысы бар екенін анықтау үшін комиссия құрылды", - дейді қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы.

Сонымен қатар, Нариман Табынбаев ақпаратты жағдайдың вакцинаға қатысы бар-жоғы анықталған соң тарату қажет екенін айтты.

"Бұл науқасты жедел жәрдем ауруханаға алып кетпегені немесе алып кеткісі келмегені туралы да айтылып жатыр. Алайда науқасты стационарға жеткізуге қатысты нақты көрсеткіштер бар. Ал бұл жағдайда оны ауруханаға апару керек пе, жоқ па деген күмән болған. Жедел медициналық көмектен кейін қыздың ағзасында мұндай симптоматика белгілер болған жоқ, бірақ сақтық шарасы ретінде ауруханаға жеткізілді. Содан кейін үйіне жіберілді, қазір ол медицина қызметкерлерімен байланыста. Меніңше, бұдан кейін асқыну болмайды", - дейді ол.

Ведомство басшының айтуынша, науқас жұмыс істейтін медицина мекемесінің басшылығы оны вакцина салуға мәжбүрлемеген.

Нариман Табынбаев аурухана басшылығымен сөйлескенін мәлімдеді.

"Бұл жағдайда ешқандай мәжбүрлеу болмаған, келісім болған. Мен мұны дұрыс деп есептеймін. Себебі адам перзентханада жұмыс істейтін болғандықтан дәрігер ретінде менің түсінігімде ол бірінші болып вакцина салдыру керек. Өйткені оның кесірінен босанып жатқан әйел мен оның сәбиінің өміріне қауіп төнбеуі қажет. Вакцина салдырмағаны үшін оны ешкім жұмыстан шығара алмайды. Еңбек кодексі бар. Сот бар. Алайда сендіру әрі көндіру керек. Неге оның коронавирусты жұқтыратын топта болғанынан басқа әйел мен бала зардап шегуі керек? ", - деді қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы.

Ол медициналық ұйымда жұмыс істейтін адамның өз қалауы бойынша коронавирусқа қарсы вакцина салдырмауға құқылы екенін жеткізді.

Соған байланысты мекеме қызметкерін вакцина салдыруға көндіреді, егер оған да келіспесе, тұрғындармен бетпе-бет жұмыс істемейтін басқа қызмет орнын таңдау қажет екені түсіндіріледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914710-almatyda-vakcinadan-keiin-ayaq-qoly-tartylyp-qalgan-zelide-taragan-videoga-tiisti-mekeme-pikir-bildirdi/