Мәулен Әшімбаев: Ашаршылық тақырыбын зерттеу мәселесі күн тәртібінен түспеу керек
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» атты жаңа еңбек жарық көрді. Бүгін Сенатта отандық ғалымдардың, тарихшылардың және Парламент депутаттарының қатысуымен кітапты көпшілікке таныстыру рәсімі өтті.
Үш томдық жинаққа зобалаң жылдарға қатысты 1928-1934 жылдар аралығындағы тарихи құжаттар мен деректер енген. Олар аштықтың алғышарттары мен трагедиялық салдары туралы мәліметтерді қамтиды. Мұндағы мәліметтердің біразы бұған дейін еш жерде жарияланбаған. Ал, кітаптағы кейбір анықтама, бұйрық, резолюция сияқты құжаттар көпке дейін аса құпия мәлімет ретінде сақталып келген. Еңбектің жауапты редакторы белгілі ғалым, тарихшы, Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы екенін атап өткен жөн.
Ел Президентінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ашаршылық тақырыбына баса мән беріп, тиісті органдарға осы бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізуді тапсырғаны белгілі. Соның аясында бірқатар игілікті істер жүзеге асырылуда. Бүгін көпшілікке жол тартқан еңбекті де солардың бірі деуге толық негіз бар.
«Бұл кітап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дайындалды. Мұндағы құжаттар еліміздің орталық және өңірлік архивтерінен алынған. Басқа мемлекеттердің архивтерінде сақталған деректер де кітапқа енгізілді. Соның арқасында бұрын қолға түсіру қиын болып келген бірқатар тың мәліметтер мен құжаттар көпшілік үшін қолжетімді болып отыр. Сондықтан осы көптомдықты ашаршылық кезеңінің хронологиясы деп айтуға толық негіз бар», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ, Сенат Төрағасы жаңа еңбек университеттерге, ғылыми институттарға, орталық және өңірлік кітапханаларға жіберілетінін, сол арқылы ашаршылық туралы архив материалдары көпшілік үшін қолжетімді болатынын жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1914948-maulen-asimbaev-asarsylyq-taqyrybyn-zertteu-maselesi-kun-tartibinen-tuspeu-kerek/